Неліктен павлодарлықтар психологтардың орнына жасанды интеллектті таңдауда?

Көп жағдайда азаматтар ұялатын сырларын интеллектке айтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Денеге бағдарланған терапияның психолог-консультанты Әсемгүл Садвакасованың сөзінше, қазір Instagram-да психолог мамандар көп болғандықтан, тұрғындар олардың біліктілігіне күмәнмен қарайды.
– Кәсіби психологтың қызметі қымбат тұрады. Ал жасанды интеллектке жүгіну тегін. Сондай-ақ, адамдардың көбі ішіндегі барлық сырды айтудан ұялады. Себебі оларды сынайды деп қорқады. Жасанды интеллектке ішіңдегі толғадыратын сұрақтарды жазып шығасын, сен және одан басқа бұл туралы ешкім білмейді. Жүгінудің бір себебі де осы, — деп пайымдады Әсемгүл Садвакасова.
Адамдардың басым бөлігі онлайн терапияны өзінді жақсы көрудің бір сатысы деп есептейді. Маманның сөзінше, бұны жүз пайыз шындық деп айтуға да болмайды, өтірік деп айтуда қиын. Кейбіреулер қызық үшін жүгінсе, өзгелері оны расымен де өзін танып білу үшін қолданады.
Психологтың сөзінше, ешқандай технология кәсіби мамандарды алмастыра алмайтының ұмытпау керек.
– ЖИ көбіне белгілі бір алгоритмдер аясында кеңес береді. Алайда, психологияда қатып қалған алгоритм жоқ. Әр адамның ерекшелігіне байланысты біз жұмыс жасау методикаларын алмастырып отырамыз. Біреуге бір техника көмектессе, екіншісе ол мүлде жақпайды, – деді денеге бағдарланған терапияның психолог-консультанты. – Бұндай форматтағы кездесулерде психолог жайлы орта қалыптастырып, адамға эмпатиялық жылулықты сыйлай алады. Оған қолдау көрсете алады. ЖИ-де бұндай жоқ.
Айта кетейік, технологияны психологиялық сауаттылықты арттыруда қолданған тиімді. Әсіресе түрлі техникалар мен методикаларды үйренуде. Көбінесе тәуелділік қалай пайда болады, оның алғышарттары қандай деген ақпаратты іздеуде жақсы құрал.