Биыл Шарбақты ауданында алғаш рет зығыр мен соя отырғызылады

Биыл Шарбақты ауданында алғаш рет зығыр мен соя отырғызылады
Фото:pixabay.com/byuppi

Көктемгі дала жұмыстары қарқын алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Аймақ басшысы Асайын Байханов жұмыс сапарымен Шарбақты ауданында барды. 2025 жылы жалпы 213 138 гектарда егін егу жоспарланған, оның ішінде дәнді дақылдар 137 353 гектар, майлы дақылдар 48 435 гектар, картоп 340 гектар, көкөністер 151 гектарда отырғызылады. Айта кетейік, былтырғы егіс алқабы 206 мың гектарды құрады. Малдың азығы үшін 26 859 гектар жер дайындау жоспарланған. 

– Жалпы егістіктің көлемі өсті. Өсім малдың азығы, жем-шөп көрсеткіштері бойынша қол жеткізіледі. Оның үстіне көлемі аз болғанымен көкөністер бойынша өсім жақсы, – деді Асайын Байханов.  

Аудан әкімі Сержан Иманқұловтың айтуынша, былтырдан бастап қарбыз егіле бастады. Шаруалар сәбізді де ұлғайтып жатыр. 

– Майлы дақылдар бойынша бірінші рет 1200 гектарда зығыр және 200 гектарға соя егеміз. Егер де осы дақылдар биыл жақсы өнім берсе, ауылшаруашылық өндірушілері ары қарай да бұл тәжірибені жалғастырамыз деп отыр. Былтыр олар мақсары еккен, бірақ жауын-шашынның көп болғандықтан оның өнімі аз шықты, – деді Сержан Иманқұлов. 

Оның сөзінше, жалпы ауданда майлы дақылдардың арасынан күнбағысқа басымдылық берілуде. Егістік жұмыстары 89 пайызды құрайды. Дәнді дақылдардан 39  мың гектар, ал майлы дақылдардан 41 600 гектар егілді. Қарақұмық пен тары маусымның басында, жауын-шашыннан кейін отырғызылады.

Көктемгі дала жұмыстары кезеңіне 14 163 тонна тұқым алынды. Тыңайтқыштар енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда. 

– Биыл 16 933 тонна тыңайтқыш енгізуді жоспарлаймыз, оның ішінде бүгінгі күні 10 159 тонна тыңайтқыш бар. Жылдың соңына дейін жүз пайызға жеткіземіз деп көздеп отырмыз. бұны. Жанар-жағармай бойынша 2987 тоннаға өтініш берілді, оның 2294 тоннасына қаржысы төленді, ал 1783 тонна шығарылды, – деп атап өтті аудан әкімі. 

Егін егуге 492 трактор жасақталған. 2025 жылы 995 миллион теңгеге 28 техника алынды. Бүгінгі күні барлық техника алқапта жүр. 

«Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 17 өтініш түсті. Ауылшаруашылық өндірушілері 932,5 миллион теңгеге қаржыландырылды.