Садақ ату, футбол: павлодарлық мектептегі балалардың бос уақыты қалай өтуде?

Садақ ату, футбол: павлодарлық мектептегі балалардың бос уақыты қалай өтуде?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мықты материалдық база балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, спорттық шеберліктерін шыңдауына толық мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар қаласындағы №48 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасының жарқын үлгісіне айналып, білім ордасында заманауи әрі инновациялық орта қалыптастыруда. Мектеп қабырғасында 11 үйірме жұмыс істеп, оған 500-ге жуық оқушы белсенді қатысуда. Балалар тек спортпен шұғылданып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, тоғызқұмалақ, шахмат, бес асық және садақ ату сияқты ойындар арқылы өз шеберліктерін ұштауда. Оқушылардың спортқа деген зор ынтасын дене шынықтыру мұғалімі Құсни Саматова да растап отыр.

Біздің мектепте он бір үйірме жұмыс істейді: атап айтатын болсақ, баскетбол, волейбол, жалпы дене дайындығы, қол добы, үстел теннисі, бес асық, асық ату, футбол, көпсайыс, шахмат және тоғызқұмалақ. Үйірмелерге бес жүзге тарта оқушы қатысады. Балалар үшін барлық жағдай жасалынған, материалдық база жеткілікті. Оқушыларымыз өте қызығушылықпен келіп, әрбір үйірмеге бекітілген кесте бойынша қатысып отырады, — дейді ұстаз.

Инновациялық мектеп форматына көшу арқылы бұл білім ордасы тек білім сапасын ғана емес, сонымен қатар бұқаралық спортты дамытудың аймақтық орталығына айналып келеді. Мықты материалдық база жеткіншектердің салауатты өмір салтын ұстанып, сабақтан тыс уақытын пайдалы өткізуіне толық кепілдік береді.