Павлодар облысында сиыр етінің үстеме бағасын арттырған кәсіпкерлер жазаланды

Павлодар облысында сиыр етінің үстеме бағасын арттырған кәсіпкерлер жазаланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Салынған айыппұлдың жалпы сомасы жарты миллион теңгеге жуықтайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сиыр етіне баға мониторингін жүргізді.

Оның нәтижесінде, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына кіретін сиыр етінің сүйекті жауырын-кеуде бөлігі «Жайлау» базарында 2400 теңге, басқа базарлар мен сауда үйлерінде 3200-3400 теңге аралығында сатылып жатқаны анықталды. Ал сиыр етінің таза еті 3900-4400 теңге көлемінде саудалануда.

Осыған байланысты, ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабы 1-тармағына сәйкес, ішкі сауда субъектілері мұндай тауарларға өндірушінің босату бағасынан немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан 15%-дан аспайтын шекті сауда үстемесін қоюға міндетті.

Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына заңда белгіленген шекті сауда үстемесін асырған жағдайда, кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты 5-тен 150 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 10-нан 300 АЕК-ке дейін ұлғаяды.

Бүгінгі таңда департамент тарапынан ӘМАТ бойынша сауда үстемесін арттыру фактілері бойынша 97 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 80 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы — 475 772 теңге. Сонымен қатар, 34 профилактикалық бақылау жүргізіліп, 24 заңбұзушылық анықталды.

Сиыр етіне қатысты жүргізілген бір тексеру барысында, етті 3000 теңгеден сатып алып, 3650 теңгеден сатқан кәсіпкердің сауда үстемесі 22%-ды құрағаны анықталды. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Сондай-ақ, ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабына сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың заң бұзушылықтарға қатысты дәлелді өтініштері жоспардан тыс тексерудің негізі болып табылады.

Департамент тұрғындарға, егер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары, оның ішінде сиыр еті қымбат болған жағдайда, дәлелді құжаттарды (тауар бағасының фотосы, түбіртек және т.б.) тіркеп, E-otinish бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы немесе департаменттің жедел желісі (7182) 551070 телефоны арқылы хабарласуды ұсынады.