Биыл Железин ауданында жиырма бес шақты отбасы баспаналы болмақ
Жобаның құны – 376,6 млн теңге, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2024 жылы 20 мамырда басталған 24 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын 1 қыркүйекте аяқтау көзделіп отыр. Аумағы – 1440 шаршы метр. Бір бөлмелі пәтерлер саны – алты, екі бөлмелі пәтерлер саны – он екі, үш бөлмелі пәтерлер – алты.
Железин ауданында 2024 жылғы 22 мамырдағы жағдай бойынша жалға берілетін тұрғын үй алуға кезекке 206 адам тұр. Оның ішінде 85 адам – халықтың әлеуметтік остал топтарынан, 14 адам – көпбалалы отбасынан, 26-сы – жетім балалар, 81 адам – бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері. Мердігер – «First National Construction» ЖШС.
Железин ауылдық округінің әкімі Қанат Айсақовтың айтуынша, жылумен қамту қазандықтың есебінен жүргізіледі. Құрылысқа Екібастұз және Ерейментауда шығарылған кірпіштер қолданылған. Үйлердің биіктігі – 2,8 метр.
– Бұл үйге көпбалалы отбасылар қоныстанады. Баспанаға кезекке тұрғандар үшін үйлер салынуда. Бір отбасының сегіз баласы бар. Баспананың жоқтығынан бір үйде бірнеше туыс отбасы тұрады, – деді Қанат Айсақов.
Железин ауданында тұрғындар саны – 5200 адам, Моисеевка ауылында – 267 адам.
Еске сала кетейік, Тереңкөл ауданында 60 пәтер сатып алынады, оның ішінде Тереңкөл ауылында 24 пәтерлік екі үй салу жоспарда бар. Қазіргі таңда 600 адам тұрғын үйге кезекте тұр.