Биыл Железинде қандай жобалар жүзеге асырылады?
Облыс әкімі Асайын Байханов ауданда «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жазда ауданда бірнеше жоба жүзеге асырылады: Лесной орта мектебін, Железин аудандық ауруханасының қазандығын, Михайловка ауылының дәрігерлік амбулаториясын, Еңбекші және Лесной ауылдарының мәдениет үйлерін күрделі жөндеу. Сондай-ақ, Прииртышск ауылында сыртқы желілерімен қазандық салынады, Железин ауылының №2 қазандығы қайта жаңартылады, Петропавловка және Есқара ауылдарында су құбыры тартылады.
Железин-Веселая роща, Жолтаптық-Мыңкөл автожолдарына, Алакөл, Еңбекші, Моисеевка, Аққайың ауылдарының кірме жолдарына орташа жөндеу, Михайловка, Еңбекші, Прииртышск ауылдарының ішкі жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Бағдарлама аясында тамыз айының соңына дейін 1974 жылы салынған Прииртышск ауылының мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 142,4 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бүгінгі күні мұнда электр сымдары, терезелері ауыстырылып, санитарлық торап пен шатыры жөнделген. Қазір көрермендер залын жөндеу, кіші залдың еденін құю, қабырғаларын қаптау жұмыстары жүргізілуде. Нысанда 30 адам жұмыс істеуде.
Сондай-ақ, Т. Праслов атындағы Калиновка орта мектебін күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 228 млн теңге бөлінді. Мұнда жылумен жабдықтау жүйесі ауыстырылады, едендер, қабырғалар, шатыр және электр сымдары жаңартылады.
Облыс әкімі аудан басшылығына барлық жобалардың уақтылы іске асырылуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.