Павлодар облысында қаңғыбас иттер 500-ге жуық тұрғынды қауып алған

Павлодар облысында қаңғыбас иттер 500-ге жуық тұрғынды қауып алған
Фото: pexels.com

Оның ішінде мысықтардың тістеуінен зардап шеккен адамдар да бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері облыс бойынша травматологиялық пункттерге жануарлардың тістеуінен 1713 адам жүгінген. Оның ішінде иттердің тістеуінен 1146 адам зардап шекті: қаңғыбас иттер 483 тұрғынды, иесі бар иттер 663 азаматты қауып алған. Ал мысықтардың тістеуінен 489 адам зардап шекті, оның 182-і – қаңғыбас мысықтар. Медициналық көмекке жүгінгендердің барлығына алғашқы антирабиялық көмек көрсетілді және құтырмаға қарсы екпелер тағайындалды.

– Жалпы облыс бойынша 2024 жылдың тоғыз айында, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда антирабиялық көмекке жүгінген 123 адамға аз, яғни 6,6%-ға төмендеген, – дейді департаментте.  

Мамандар жануардың тістеуінен зардап шеккендер құтырманың алдын алу мақсатында жараны дереу жылы сумен және сабын ерітіндісімен жуып, тәулік бойы көмек көрсететін травматологиялық пункттерге жүгінуге кеңес береді. Дәрігер тағайындаған вакцинаны толығымен алу керек.

Жануарларды ешбір жағдайда өлтіруге болмайды, сондықтан оларды ветеринарлар бақылайды: жануарлар оқшаулануға және бақылауға жатады. Егер тістеп алған жануарға бақылау жүргізілсе және тістегеннен кейін 10 күн ішінде ол сау болса, онда одан әрі инъекциялар тоқтатылады.