Былқылдақ көлінде қосымша жерасты қорғаны салынды
Болжам бойынша, көлдің түбінде 670 тонна сынап бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Сағын Төлеутаев осыдан 20 жыл бұрын салынған 3,5 шақырымдық жер қорғанына тағы 12 метр тереңдікте 2,4 шақырымдық бөгет салу жұмыстары аяқталғанын мәлім етті.
– Жоба Ертіс өзеніне құйылмауына және жақын маңдағы елді мекендердің құдықтарын сынаптан қорғауға арналған, – деді Сағын Төлеутаев. – Сондай-ақ, Солтүстік өнеркәсіптік аймағы ауданында жыл сайынғы сынап мониторингі жалғасуда.
Оның айтуынша, ай сайын атмосфералық ауаның, жерүсті және жерасты суларының, топырақтың, қар жамылғысының, суда жүзетін құстар мен балықтардың, адамдардың биологиялық үлгілерінің, яғни «Каустик» кәсіпорыны қызметкерлерінің шашынан тұратын сынамалар алынады.
Сонымен қатар, үш жыл бойы Абай облысының шекарасында, Павлодар ауылында және облыстың Ресей Федерациясымен шекарасында Ертіс өзенінің беткі сулары мен түбіндегі шөгінділеріне мониторинг жүргізілуде. Соңғы мәліметтер бойынша сынаптың асып кетуі байқалмады.
Айта кетерлігі, Павлодарда химия зауыттары 70-90 жылдары хлор мен каустикті сынапты электролиздеу арқылы алып отырған.Нәтижесінде цехтың астындағы жер мен Былқылдақ көлінде сынап жинала бастаған. Кейін жылдар бойы жиналған сынаптың ауаға таралу қаупі туындады.
Соңғы 20 жылдан астам уақыт аралығында ауаның, топырақ пен судың сынаппен улануына қатысты дерек тіркелген жоқ. Бірақ улы метал жерасты жолымен Ертіс өзеніне құйылып кету қаупі бар және оны алдын алу жұмыстары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, бірнеше жыл бұрын облыс жұртшылығымен кездескенде сынаптың жерасты суларына түсу ықтималдығын бағалау және сарапшылармен бірлесіп, бұл мәселені шешудің тиімді жолдарын анықтау қажет екенін айтқан болатын.