BilimClass: Павлодар облысында бірқатар мектеп электрондық журналға көшуде
Әзірге бұл платформа сынақтан өтіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
BilimClass тегін электрондық журналы Павлодар облысының 70-ке жуық мектебінде пилоттық негізде жұмыс істеп жатыр.
Бүгінде еліміздегі мектептер оқу процесін толық қамтитын, білім беру контенті, мектепті басқару жүйесі мен терең аналитиканы біріктірген BilimClass отандық электрондық журналына көшіп жатыр. Платформа қазір Павлодар облысының білім беру мекемелерінде сынақтан өтіп жатыр, ал Қазақстан бойынша жүйе 12 өңірде қолданысқа енгізілген.
Ертіс-Баян өңірінде BilimClass платформасын апробациялау бойынша пилоттық жоба 2025–2026 оқу жылының үшінші тоқсанында іске қосылды. Қазіргі таңда жүйемен 69 мектеп жұмыс істеп отыр. Оның 25-і Ертіс ауданында болса, 44-і Екібастұз қаласында. Платформа өкілдерінің айтуынша, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар жүйе жұмысына оң бағасын беруде. Олар BilimClass-тың жұмыс жылдамдығын, бағалау процесінің ашықтығын, ыңғайлы интерфейс пен кері байланыс мүмкіндіктерін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар BilimClass өкілдерінің айтуынша, 2022 жылы іске қосылған платформаны бүгінде Қазақстанның 12 өңіріндегі 2,5 миллион оқушы мен 350 мыңға жуық мұғалім пайдаланып отыр. Атап айтқанда, платформа Алматы және Астана қалаларында, сонымен қатар Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау, Абай, Қызылорда, Жетісу, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында қолданыста. Ал жүйеге қосылған мектептердің жалпы саны 5000-нан асады.
- BilimClass — толықтай отандық өнім. Оны әзірлеу барысында ешқандай шетелдік шешімдер қолданылған жоқ. Платформаның басты басымдығы — пайдаланушылардың деректерінің қауіпсіздігі, құпиялығы мен сенімді сақталуы. BilimClass ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді, бұл Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Мемлекеттік техникалық қызметінің сертификатымен расталған, - дейді BilimClass өкілдері.
Платформа өкілдерінің айтуынша, жүйе оқу процесіне қатысатын барлық тарапқа көптеген мүмкіндік ұсынады. Мәселен, ата-аналар мен оқушылар жарнама мен қосымша қызметтерді ұсынбайтын тегін мобильді қосымшаны пайдалана алады. Сондай-ақ олар сабақ кестесін, үй тапсырмаларын және бағаларды нақты уақыт режимінде көріп отырады. Ал мектептер BilimClass көмегімен оқушылардың оқу үлгеріміне қатысты жан-жақты талдау жүргізуге, әр оқушының оқу жолының толық цифрлық тарихын көруге және қиындық тудыратын тұстарды анықтауға мүмкіндік алады. Нәтижесінде басқарушылық шешімдер нақты, ашық әрі сенімді деректер негізінде қабылданады.
-BilimClass платформасының басты міндеттерінің бірі — бірізді жұмыстарды автоматтандыру арқылы мұғалімдердің жүктемесін азайту. Осы мақсатта платформада күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау, интерактивті сабақтар, өз сабақтарын қосу мүмкіндігі, оқушыларға жеке кері байланыс беру, БЖБ/ТЖБ каталогі, бағаларды автоматты түрде есептеу, чат және басқа да құралдар қарастырылған, - деп атап өтті BilimClass өкілдері.
Сонымен қатар платформа ішінде пайдаланушылар бірқатар пайдалы ресурстарға тегін қол жеткізе алады. Олардың қатарында ТМД кеңістігіндегі ең ірі цифрлық білім беру контент қоры - BilimLand, ҰБТ-ға дайындалуға арналған iTest онлайн-тренажері, сондай-ақ бастауыш сынып оқушыларына арналған қазақ тіліндегі iMektep видеосабақтары бар.
Айта кетелік, BilimClass платформасын қазақстандағы жетекші EdTech компания – Bilim Group жасаған. Ұйым 15 жыл бойы цифрлық білім беру өнімдерін әзірлеумен айналысады. Қазіргі таңда оның экожүйесі Bilimland, BilimKids, BilimUstaz, Kitap.kz, SmartNation сияқты 15-тен аса өнімнен тұрады.