Бір тәулікте Павлодар облысында медициналық авиация жеті өтінімді орындады
Науқастар тиісті ем алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Алты науқасты облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының мамандары Павлодар қаласына жерүсті көлігімен жеткізсе, тағы бір науқас әуе көлігімен тасымалданды.
Кеше павлодарлық медициналық авиация қызметіне Тереңкөл аудандық орталық ауруханасынан екі өтінім түскен. Облыс орталығына тасымалдау жедел бронхопневмонияның ауыр сатысы диагнозы қойылған төрт айлық нәрестеге және бас сүйегі негізінің сынуы мен мидың ауыр дәрежедегі соғылуы анықталған 21 жастағы жас жігітке қажет болды. Сәби инфекциялық аурулар ауруханасына, ал ересек науқас қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.
Тәулік ішінде екі рет медициналық авиация қызметіне Ақсу қалалық ауруханасынан жүгінген. Бірінші жағдайда Павлодар ауруханасына ауыстыру асқазан-ішектен қан кеткен алты айлық қыз балаға қажет болса, екінші жағдайда – политравма мен травмалық шок диагнозы қойылған 44 жастағы ер адамға қажет болды. Сәби облыстық балалар ауруханасына, ал ер адам Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.
Тағы үш науқасты 13 қаңтар күні медициналық авиация қызметкерлері Екібастұз қаласынан облыс орталығына жеткізді. Олар – жүктіліктің асқынуы байқалған 33 жастағы әйел, жүректің ишемиялық ауруына шалдыққан 68 жастағы зейнеткер әйел және жабық омыртқа-жұлын жарақатын алған 62 жастағы әйел. Соңғы науқасты тасымалдау үшін тікұшақ пайдаланылды.
– Әдетте біз тәулігіне бір-екі шығу немесе ұшуды орындаймыз, сондықтан бір тәулікте жеті өтінімнің түсуі – өте жоғары жүктеме, – дейді медициналық авиация қызметінің меңгерушісі Алмагүл Бесембинова. – Көбі біздің жұмысымызды А нүктесінен Б нүктесіне жай ғана жеткізу деп ойлайды. Алайда реанимобильде немесе тікұшақ бортында жағдайы ауыр науқастар болған кезде, медицина қызметкерлеріне орасан зор жауапкершілік жүктеледі.
Оның сөзінше, жолдағы әрбір кедір-бұдыр немесе турбуленттік аймақ науқастың жағдайына әсер етпеуі тиіс. Фельдшерлердің міндеті – науқасты жай ғана жеткізу емес, оның қауіпсіз тасымалдануын қамтамасыз ету және қажет болған жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету.