Баянауылдық белгілі актердің жеңгесі: Бізді үнемі күлдіріп жүретін
Жанас Ысқақовтың өмірі қысқа болса да қазақ кино саласындағы еңбегі зор, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Кинематография одағының мүшесі, театр және киноактері Жанас Ысқақовтың 75 жылдығына орай «Театр – тарих тағылымы» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.
Іс-шара барысында жергілікті әнші-домбырашылардың орындауында әндер шырқалды, актердің туыстары кештің құрметті қонағы болды. Сондай-ақ актердің жеке заттары мен құжаттары қойылған шағын көрме ұйымдастырылды.
–Мен келін болып түскенде Жанас қайным 18 жастағы бозбала еді, жеңгелері бота деп ат қойған. Талантты кішіпейіл болатын, неше түрлі қызықты әңгімелерді айтып, өзі таңғажайып эмоцияларды салып, бізді күлдіріп жүретін, – деді актердің жеңгесі Парида Ысқақова.
Кейуана жас келін кезінен қайнысының өнер жолын қалай бастап, талай жетістіктерін көрген.
– Қайным мен жұбайы екеуі де өнерлі, мінездері жақсы жандар еді. Өкінішке орай, жастайынан айрылып қалдық. Төрт баласы кішкентай кездерінен ата-анасынан жетім қалған, алайда апаларының тәрбиесімен жақсы азаматтар болып жетілді, – деп зейнеткер жабырқап еске алады.
Жанас Ысқақовының алғаш кинокамерамен танысуына режиссерлер Лаврентий Сон мен Амангелді Тәжібаевтар себепкер болған. Оның алғашқы түскен кинофильмі Лаврентий Сонның «Махаббат машақаты» деп аталады. Ал «Бауырым менің Маугли» фильмінде Шибөрі образын сомдаған. Бұл рөл Жанастың нағыз комедия актері екенін көрсетеді.
Жалпы киноөнерінің шебері бойындағы күш-қуатын, қабілетін ұштай түседі. Ақкөңіл бір жағынан қожанасырлау қылықтарымен күлкі тудырып жүретін кейіпкерлері арқылы киносүйер қауымғаЖанас Ахметұлының үлкенді-кішілі рөлдері еріксіз есте қалды.
Киноактердің ең соңғы ойнаған рөлі Ақан Сатаевтың «Көшпенділер» тарихи фильмі, онда бақсы рөлін сомдаған болатын. Бірақ фильм аяқталмай өмірден өтіп, актердің образы сол жерден аяқталады. Дегенмен өмірінің соңына дейін киноға түскен актердің кескіні қазақ кино әлемінде мәңгі сақталары анық.