Бүгін шахматтан әлем чемпионы атағы үшін шешуші партия ойналады
Бүгін әлем чемпионы атағы үшін Ян Непомнящий мен Динь Лижэнь арасындағы шахмат матчының 14-ші, яғни ең соңғы партиясы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Партия алдында шахматтан 17-ші әлем чемпионына табысталатын кубок Астанада жанкүйерлер назарына ұсынылды.
Қос гроссмейстердің шешуші кездесуі Астанада сағат 15:00-де басталады.
Бұл партияда қытайлық шахматшы Динь Лижэнь - ақ, ал ресейлік Ян Непомнящий - қара фигуралармен ойнайды.
Айта кетейік, спортшылар 13-ші ойынды 39 жүріспен тең аяқтады. Әзірге жалпы есеп те бірдей – 6,5:6,5.
Ал, 26 сәуірде өткен матчтың 12-ші партиясында Динь Лижэнь қарсыласынан басым түскен болатын.
Ол кездесу жалпы саны 38 жүріспен тәмамдалды.
Бүгін шахматшылар тең түссе, онда 4 партиядан тұратын тай-брейк белгіленеді.
Бұл кезеңнен кейін де жеңімпаз анықталмаса, шахматшылар блицте шеберлік байқасады. Одан әрі «ақтық партия» бар.
Айта кетейік, 7 сәуір мен 1 мамыр аралығында Астанада шахматтан әлем чемпионаты өтіп жатыр.