Павлодарлық жастарға есірткі таратушыларды қандай жаза күтетіні айтылды
Шараға мектеп оқушылары, студенттер, курсанттар мен сарапшылар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығында «Нашақорлыққа жоқ! Күшіміз бірлікте!» атты өңірлік форум өтті. Оған мектеп оқушылары, студенттер, курсанттар мен сарапшылар – барлығы жүзге жуық адам қатысты.

Іс-шара ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Қатысушылар мамандардың баяндамаларын тыңдап, өмірден алынған нақты жағдайларды талқылап, сұрақтар қойды. Басты назар өмірлік мысалдар мен еркін пікір алмасуға аударылды.
Ішкі істер оқу орталығының тыңдаушысы Әділ Сәлімжан мұндай кездесулердің маңызын атап өтті.
– Бүгінгі іс-шараға қатысқаныма қуаныштымын. Өзім үшін жаңа, қызықты ақпаратпен қанықтым. Болашақ мамандығымызға пайдалы болатын көп мәлімет алдық. Спикерлер сұрақтарымызға жан-жақты жауап берді. Бұл бізге алған білімімізді әріптестерімізге және жастарға жеткізуге көмектеседі. Мен үшін осындай шараларға қатысу маңызды, өйткені салауатты өмір салтын ұстанамын. Жастар арасында соны насихаттағым келеді. Осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылуы керек, – деді ол.

Облыстық полиция департаменті жанындағы есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Артём Граблёв форумның негізгі мақсаты – алдын алу жұмыстары мен дұрыс құндылықтарды қалыптастыру екенін айтты. Оның сөзінше, жастар ақпаратты көбіне есірткіге тәуелділікпен бетпе-бет келген адамдардың оқиғалары арқылы жақсы қабылдайды.

Солардың бірі – Астанадан келген 32 жастағы Әділеттің әңгімесі болды. Ол 15 жылдық есірткі қолдану тәжірибесі туралы ашық айтып, тәуелділік өте тез қалыптасатынын жеткізді. Оның пайымдауынша, бастапқыда бәрі «зиянсыз» көрінгенімен, уақыт өте келе адам өміріндегі барлық құндылықтарды жойып, орнына тек есірткіні қояды.
Павлодар өңірінде есірткіге қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуде. Өткен жылы 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылса, биылдың өзінде 15-ке жуық кездесу өткен. Олар мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында әр жас ерекшелігіне сай форматта өткізіледі.

Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Ирина Темірғалиева құқықтық жауапкершілікке ерекше тоқталды. 2025 жылы Павлодар облысында есірткі айналымына қатысқаны үшін жеті кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталып, барлығы бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Биыл да 10-сынып оқушысына қатысты іс тіркеліп, тергеу жүргізілуде.
Мамандардың айтуынша, мұндай қылмыстардың басым бөлігі есірткіні таратуға байланысты. Жасөспірімдер есірткі таратушы атанып, аса ауыр қылмыстарға тартылады.
Сондай-ақ форумда жастарды заңсыз әрекетке тарту жолдары түсіндірілді. Әдетте оларға аптасына 500 мың теңгеге дейін табыс табуға болатын «жеңіл жұмыс» ұсынылады. Telegram арқылы байланысқа шыққан кураторлар сенімге кіріп, кейін барлық хаттарды өшіруді талап етеді. Алайда мамандар барлық деректер сақталатынын және қажет жағдайда қалпына келтірілетінін ескертті.

Қатысушыларға жақындарының мінез-құлқындағы өзгерістерге де назар аудару керектігі айтылды: тұйықталу, түнгі өмір салты, белсенділіктің күрт өзгеруі. Ата-аналарға балаларымен сенімді қарым-қатынас орнату ұсынылды.
Сонымен қатар заңнамада кейбір жағдайларда жауапкершіліктен босату қарастырылғаны да түсіндірілді. Мәселен, есірткіні өз еркімен тапсырып, тергеуге көмектескен жағдайда жеңілдіктер бар.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай кездесулер жастарды ақпараттандырып қана қоймай, олардың саналы ұстаным қалыптастыруына ықпал етеді.