DARMARKA – 2026: Павлодарда кітап пен бөлме өсімдіктері алмасады
Тұрғындар қажетсіз заттарына екінші өмір сыйлап, жаңа дүниелермен толықтыра алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық «Жасыл ел» студенттік құрылыс және жастар жасақтарының штабы қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен 12 тамыз күні сағат 17:00-де «DARMARKA – 2026» экологиялық шарасын ұйымдастырады. Шара «Таза Қазақстан» экологиялық акция аясында өтеді.
Қала тұрғындары мен қонақтары үйінде пайдаланылмай тұрған, бірақ жақсы сақталған кітаптары мен бөлме гүлдерін әкеліп, ұнаған басқа дүниелерге айырбастай алады.
Бағдарлама аясында кітап және жасыл аймақтар, ашық микрофон, балаларға арналған алаң, сондай-ақ экологиялық ойындар ұйымдастырылады.
– Бұл бастама арқылы қажетсіз болып қалған кітаптар мен өсімдіктерге жаңа өмір беріп, қалада экологиялық мәдениет пен өзара бөлісу дәстүрін қалыптастыруды мақсат етеміз, – дейді ұйымдастырушылар.
Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын жақындарымен бірге шараға қатысып, пайдалы әрі қызықты уақыт өткізуге шақырады.