Домбыра – мәдениеттің жүрегі: павлодарлық шебер құпиясымен бөлісті
Шеберлік сағаты «Наурызнама» онкүндігі аясында Мәдениет пен дәстүр күніне арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ғалым Мәліков жастарға домбыра жасаудың қыр-сырын көрсетіп, он бес жасар жас музыкантқа арналған аспапты дайындау кезеңдерімен таныстырды. Шебер – мамандығы бойынша суретші. Бірақ жаны әрдайым ұлттық аспаптар, әсіресе домбыраға жақын болатын. Ол домбыраны қазақ мәдениетінің жүрегі деп санайды.
– Мен өзімді үлкен шебер деп есептемеймін. Жастайымнан ата-бабамыздың қолөнеріне қызықтым. Жерлесіміз, атақты Қамар Қасымовтың шығармашылығын, оның техникасын, аспап жасау мәнерін зерттедім. Алматыдағы шебер Жолаушы Тұрдығұловтан да сабақ алдым. Қазір зейнеткермін, бірақ шығармашылық мен үшін – шексіз әрі сарқылмас жол, – дейді Ғалым Мәліков.

Бүгінде Ғалым аға өз тәжірибесін өскелең ұрпақпен бөлісуде. Шебердің қолынан шыққан домбыралар музыкалық мектеп тәрбиеленушілері мен павлодарлық шығармашылық ұжым өнерпаздарының серігіне айналған.

Шебер аспаптарды жөндеумен де айналысады. Павлодардағы «Шаңырақ» орталығы ансамбльдердің домбыраларын қалпына келтіреді. Сонымен қатар қала мектептерінде домбыра кабинеттерін ашып, әрқайсысында оннан астам аспап жасап берген.
– Павлодар облысында халық аспаптарын жасаудың өзіндік мектебі қалыптасты. Мұнда шеберлер қайың, үйеңкі, қарағаш және қарағайды пайдаланады. Бір қызығы, павлодарлық үйеңкіден жасалған домбыраның үні канадалықтан да бай шығады. Ал қарағайдан Құрманғазы мен Дина Нұрпейісованың домбыралары жасалған, бұл ағаш аспапқа ерекше қуат пен тереңдік береді, – дейді Мәлік аға.

Жастарға шебер ағашты кептіру, қандай температуралық режимді сақтау қажет, әсіресе қыс мезгіліндегі жұмыс ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі түсіндірді. Оларға домбыраның құрылысын көру, жасалу процесін бақылау қызық болды.
Шебердің тағы бір дәстүрі бар. Ол қолынан шыққан домбыраларға ат қояды. Атаулардың ішінде «Балауса», «Балапан», «Құлыншақ», «Тұлпар» бар. Дәл осы атауларға байланысты аспаптың неше жастағы балаға арналғанын білуге болады. Әр домбыра өзіндік өрнек пен оюымен ерекшеленеді.
Ғалым Мәліков Қамар Қасымов сияқты өз коллекциясын жинауды армандайды. Атақты шебердің домбыралары Қытай, Моңғолия, Қырғызстан және Еуропа елдерінде кеңінен танымал болған. Ал оның өнеріне тәнті жұрт шеберді «қазақтың Страдиварийі» деп атаған.