Екібастұзда этноқалашық ашылды
«Шаңырақ» жобасы жазғы демалыстың ұмытылмас кезеңіне айналады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бір ай бойы «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінің аумағында оқушылар қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрлерімен танысады.
«Шаңырақ» этноқалашығы – қаланың №7, 16, 18, 22, 25, 33 мектептерінің алты киіз үйлерінен тұратын кешен. Этножобаға «Достық үйі» коммуналды мемлекеттік мекемесі, «Атамұра» мәдени орталығы, қалалық өлкетану мұражайы, Жастар бастамаларын дамыту орталығы және «Екібастұз» қоғамдық балалар қоры қолдау білдірді.
– Балалар дәстүрлі қазақ ойындарын ойнап, сайыстарға қатысты. Олар интерактивті аймақтар, көрмелер мен шеберлік сабақтары арқылы қазақ халқының дәстүрлері мен қолөнерімен таныса алады. Жоба аясында балалар таза ауада алтыбақан теуіп, ұлттық тағамдардан дәм татып, уақыттарын тиімді өткізеді, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.
Жобаны іске асыруға мектеп директорларының тәрбие ісі орынбасарлары, аға тәлімгерлер, «Қайнар» кешенінің қосымша білім беру педагогтары мен әдіскерлері қатысты. Ұйым басшысы Валентина Клепицаның айтуынша, этноқалашыққа қатысу балаларға қазақ халқының дәстүрлері, қолөнері, музыкасы мен аспаздығы туралы терең білім алуға, түрлі шеберлік сабақтар арқылы шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.
Этноқалашыққа қаланың білім беру мекемелерінің 4-6-сыныптарынан 600 оқушы келді.