Екібастұз қалалық мешіті жаңа келбетке ие болады

Екібастұз қалалық мешіті жаңа келбетке ие болады
Константин Шелковтың фотосы

 Ауқымды жөндеу жұмыстары демеушілердің көмегімен жүзеге асуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жұмыстар үш бағытта жүргізілуде. Бірінші, қала әкімдігі мен «Богатырь Көмір» ЖШС арасында жасалған әлеуметтік көмек көрсету туралы меморандум аясында басталған мешіт асханасындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Жаңартылған асхана келушілер үшін ыңғайлы әрі көрікті күйге келтірілді.

Облыстық мәслихат депутаты Серік Сәдуақасовтың демеушілік есебінен қалалық мешіттің сыртқы келбеті жаңартылып, инженерлік коммуникациялар жетілдірілуде. Қазіргі уақытта бұл жұмыстардың 25 пайызы аяқталды. Толық аяқталуы қыркүйек айына жоспарланған.

– Атқарылып жатқан жұмыстарды кешенді қамту және жайлы қоғамдық орын қалыптастыру мақсатында мешіт аумағын қалалық бюджет есебінен абаттандырып, шағын саябақ ашу жоспарланып отыр. Айта кететін нәрсе, бұл жұмыс аясында қоршаулар алынып, ашық орта қалыптасатын болады, – деді қала әкімі Аян Бейсекин. 

Шаһар басшысы жұмыс барысының сапасы күнделікті бақылауда екенін атап өтті.