Екібастұз өңірінде қысқа қажетті мал азығының жартысы дайындалды
Қалған шөпті тамыз айының соңына дейін жинап бітіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, өңірде 150 мыңнан астам жылқы, ірі және ұсақ мал бар. Оларды қыста азықпен қамтамасыз ету үшін 120 мың тоннадан астам жем-шөп қажет.
Қазіргі уақытта 60 мың тоннадан астам қор жиналған. Өңірдегі 180 мың гектардан астам шабындық жердің 120 мың гектарға жуығы игерілді. Қалған алқаптардағы жұмысты ай соңына дейін аяқтау көзделген.
Биыл шөптің шығымы да жақсы. Әсіресе Шідерті лимандық суару жүйесінде жоғары көрсеткіш тіркеліп отыр.
– Жалпы өнімділік жаман емес. Әсіресе Шідерті лимандық жүйесінде өнімділік өте жоғары. Бүгінгі күні бір гектардан 25-30, кейбір жерлерде 35 центнерге дейін өнім алынып жатыр. Сондықтан қысқы кезеңге жем-шөппен толығымен қамтамасыз етілетін боламыз, – деді Аян Бейсекин.
Қала әкімінің мәліметінше, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қажетті техникамен, жабдықтармен және жұмыс күшімен қамтамасыз етілген. Жанар-жағармай да уақытылы жеткізіліп жатыр.
– Бұл сұрақтардың барлығы облыс басшылығының және менің жеке бақылауымда. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тиісті техникамен, жабдықтармен және жұмыс күшімен қамтамасыз етілген. Әлеуметтік жанар-жағармай да уақытылы беріліп, жеткізіліп жатыр, – деді қала әкімі.
Жоспар бойынша қысқа қажетті мал азығының қалған көлемін тамыз айының соңына дейін толық дайындау көзделіп отыр.