«Екібастұз» Бірінші лигадағы жарысты сәтсіз бастады

«Екібастұз» Бірінші лигадағы жарысты сәтсіз бастады

Павлодар облысының екінші футбол командасы сырт алаңда алматылық «Қайраттың» жастар құрамымен ойнады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өкінішке орай, бірінші тайм қорытындысы бойынша кеншілер 0:4 есебімен ұтылып жатты. Алматылық жас футболшылар «Екібастұз» қорғанысын оңай бұзып өтіп жүрді. Әсіресе, екібастұздық орталық қорғаушылар жиі қателесті.

Үзілістен соң «Қайрат-Жастар» есепті 5:0-ге жеткізді. Содан соң алаң қожайындары босаңсып, екібастұздықтардың гол соғуына мүмкіндік беріп қойды: голдарды Даниял Кәкенов пен Стэнли Нкоби соқты. Нәтижесінде есеп 5:2 «Қайрат-Жастар» пайдасына.

Келесі матчта «Екібастұз» өз алаңында Премьер-лигаға қайта оралуға мүдделі оралдық «Ақжайықты» қабылдайды. Ойын 13 сәуірде өтеді.

Айта кетейік, «Ақжайықта» доп теуіп жүрген «Ертіс» түлегі Арман Смайылов тағы гол соқты. Қайта түлеген «Елім-айға» қарсы матчта павлодарлық шабуылшы командасын алға шығарған, бірақ оралдықтар жеңісті есепті ұстап тұра алмады – 1:1.