Павлодар мен Қарағанды футбол элитасына оралу үшін күреске түсті

Павлодар мен Қарағанды футбол элитасына оралу үшін күреске түсті
Фото: Ольга Бугаева

«Ертіс» пен «Шахтер» футбол клубтары маусымға ерекше белсенді әзірленуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Тағдырдың жазуымен екі алпауыт клуб Қазақстан футболының екінші қатардағы дивизионында өнер көрсетеді. Өткен жылы «Шахтер» өз тарихында алғаш рет Премьер-лигадан шығып қалса, «Ертіс» төрт жылдық үзілістен соң төменнен көтеріліп келеді. Бір қызығы, өткен жылы Екінші лиганың Солтүстік-Шығыс конференциясында соңғы турға қарағандылық клубтың жастары «Ертістің» келесі деңгейге көтерілуіне қауіп төндірді.

Биыл екі қарт қарсылас Қазақстан футболының элитасына қайта оралу үшін күреседі және екі команданың маусымаралық уақытты қалай өткізіп жатқанына қарап, сырттай болса да бұл жекпе-жек басталып кетті деп айта аламыз. 

Кеншілер жаңа жылды күтпестен Қазақстан құрамасының қақпашысы Игорь Шацкийді қайтарып үлгерді. Михаил Габышев та «Елімайдан» туған жерге оралды. Команданы атақты чехиялық, «Челси» сапында Англия чемпионы Иржи Ярошик жаттықтыратын болды. Қарағандылықтар Олжас Керімжановпен, Рафаил Оспановпен және Рифат Нұрмұғаметпен келісім-шартқа қол қойылды.

«Ертіс» те қарап қалған жоқ. Демалыс күндері Семей жұртшылығының сүйіктісі Еркебұлан Нұрғалиевпен еңбек қатынастары рәсімделді. Сонау 2014 жылы бұл ойыншы «Ертіс» пен «Спартак» кездесуінде павлодарлықтардың біраз шашын ағартқан болатын. Есеп павлодарлықтардың пайдасында 1:0 болып тұрғанда «Шоша» дубль жасап, есепті 1:2-ге жеткізді. Бірақ қайсар Арсланмұрат Аманов пен Константин Дудченко семейліктерді тізе бүктірді – 3:2.

«Ертіске» болашағынан үміт күттіретін Әділхан Добай, Рауан Орынбасар, олардың алдында Максим Федин де қосылды. Команданы еліміздегі ең дарынды жас бапкерлердің бірі Қайрат Нұрдәулетов жаттықтырады. Осы жағдайлардың барлығы команда ішіндегі бәсекелестікті күшейтетіні сөзсіз. Енді павлодарлық ойыншылар үшін командадағы орынға талас күрделене түсетіні анық.

Алайда клуб Арман Смайылов, Владимир Воменко, Тимур Байжанов, Руслан Есімов және Бақтияр Төлеуовпен келісім-шарттарын ұзартуды жалғастырды. Сонымен қатар, өткен жылдың соңында павлодарлық футбол түлектері Тамерлан Ағыманов пен Никита Калмыковпен келісім-шарт жасалды.

Бірінші лигада шетелдіктерге тыйым салынбағанда, «Ертіс» пен «Шахтер» бірнеше легионерді де қосар еді. Сарапшылар қазірдің өзінде қос ұжымның құрамына қарап, екі команда қазірдің өзінде-ақ Премьер-лигада ойнауға әбден лайық екендігін жазуда.

«Ертістің» алғашқы оқу-жаттығу жиыны 15 қаңтарда басталды. Ақпан айында команда Ташкентке жол тартып, жаңа маусымға дайындықты Шымкентте аяқтайды.