Екібастұз ЖЭО-ның толық тоқтап қалғаны туралы ақпарат жалған - облыстық әкімдік
Әлеуметтік желілерде Екібастұз ЖЭО жұмыс істемей тұрғаны туралы ақпарат таратылды. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық әкімдігінің мәлімдеуінше, бүгін, 2023 жылғы 18 ақпанда сағат 16:30-дағы жағдай бойынша Екібастұз ЖЭО желілік су құбырындағы зақым жойылды. Бұл ретте күні бойы станцияның жұмысы тоқтаған жоқ және төмендетілген параметрлерде жұмысын жалғастырды, 3 қазандық (№ 5, 7 ,9) жұмыс істеп тұрды.
Зақымдалуды анықталған соң жойғаннан кейін бұрын ажыратылған 3 су жылыту қазандық агрегатын (№ 11, 12, 13) толтыру және оларды қыздыру жүргізіледі.
- Осылайша, сағат 23:30-ға қарай станцияда 6 қазандық агрегаттың (3 су жылыту және 3 энергетикалық) жұмысы қамтамасыз етіледі. Сағат 00:00 шамасында станция 60/40 °с жылу беру параметрлеріне шығуды жоспарлап отыр, - делінген әкімдіктің хабарламасында.
Екібастұзда Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, ҚР Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов бар.
- Екібастұз қаласының тұрғындарын ресми ақпарат көздерінен таралған ақпаратқа сенуін сұраймыз. Екібастұз ЖЭО-ның мамандары қаланы жылумен жабдықтауды қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Станцияның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және параметрлерді тұрақтандыру үшін тәулік бойы негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу жұмыстары жүргізіледі, - деді облыстық әкімдікте.
Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін кәсіпорында барлық қажетті техникалық жабдықтар мен жөндеу бригадалары бар. Жұмыстарға барлығы 140 адам жұмылдырылған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Фото: Константин Шелков