Павлодар облысында бруцеллезбен ауырған малдың еті қайда жіберіледі?

Павлодар облысында бруцеллезбен ауырған малдың еті қайда жіберіледі?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ауру малды үйде союға мүлдем болмайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жыл сайын жануарлардан адамдарға жұғатын инфекциялық ауруларды алдын алу мақсатында ветеринарлық профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Павлодар облысының ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаевтың айтуынша, оған диагностикалық зерттеулер, қан сынамаларын алу, ауру малдарды анықтап, оларды оқшаулау, жою сияқты жұмыстар кіреді.

– Бруцеллез ауруы жылда кездеседі. Бүгінгі таңда ірі қара малдан 400 мыңнан аса қан сынамасы тексеріліп, 1800 ауру мал анықталды. Оларды 15 күн ішінде оқшаулап, санитарлық союға жібереміз. Ал 500 мыңнан аса ұсақ мал тексеріліп, 112 бас союға жіберілді,– деді Асылтас Тілеубаев.– Былтырғымен салыстырған қойдың ауруға шалдығуы бойынша төмендеу байқалып жатыр. Бұл – уақытында қан алып, тапсырудың нәтижесінде деп ойлаймын.

Ауруға шалдыққан малдың етін кейіннен тұтынуға болады. 

– Бруцеллезбен ауырған малды үйде союға мүлдем болмайды. Оны тек мал сою пункттерінде сою керек. Ұшасы ілініп, 12 сағат өткен соң еттегі  бурцелез ауруының қоздырғыштары өледі. Сондықтан да оны әрі қарай базарларға, ал сою пункттері ет өңдейтін цехтарға жібереді,– деді Асылтас Тілеубаев.

Ауылдық жердегі адамдар бруцеллезі анықталған малды тегін түрде союға жібере алады. Ауру малдың тасымалдауын ветеринария қызметі жүзеге асырады. Алайда сою пунктінде мал иесінің келуі қажет.

Айта кетейік, облыста 12 аса қауіпті ауруларға қарсы жылда егу жұмыстары жүргізіледі. Вакциналауға мемлекеттік тапсырыс бойынша 2 миллиард 800 мың теңге бөлінеді.  Осы профилактикалық іс-шаралар барысында 8 миллион манипуляция жасалады.