Павлодарлықтар үшін жаңа жылға әлеуметтік салық лимиті белгіленді
2025 жылы азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүйесіне енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Павлодар облысы бойынша филиалының басшысы Айгүл Қапенова хабарлады. 2025 жылдан бастап әлеуметтік аударым мөлшері бес пайызды құрайды. Бұл ретте салық заңнамасына сәйкес салық төлеушілер әлеуметтік салықтың есептелген сомасын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленген әлеуметтік аударымдар сомасына азайтады.
– Әлеуметтік кодекске сәйкес, бір төлеушіден төленетін әлеуметтік аударымдарды есептеудің ай сайынғы объектісі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. Егер бір ай ішінде бір төлеушіден әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ең төменгі жалақының бір мөлшерінен аз болса, онда әлеуметтік аударымдар бір ең төменгі жалақы негізінде төленеді. Осыған байланысты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік аударымдардың ең төменгі мөлшері 4 250 теңгені, ал ең жоғарғысы 29 750 теңгені құрайды, деді Айгүл Қапенова.
Павлодар облысында 271 510-ға жуық жұмыс істейтін азамат міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысады, облыста бір жыл ішінде 40 089-нан астам адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алады.
Жүйе қордан екі ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемді көздейді: қызметкер жалпы еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда және ол қайтыс болған жағдайда – асыраушысын жоғалтқан отбасына төлем төленеді. Бұл төлемдер мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша төленеді.
Ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдер жыл сайын индекстеледі. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл төлемдер 6,5%-ға өсті. Өңірде еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан 3 461 адамға және асыраушысынан айырылған 22 921 отбасына әлеуметтік төлемдер автоматты түрде өсті.