Екібастұздағы «Маугли балалардың тағдыры»: Анасы ата-ана құқығынан айырылады

Екібастұздағы «Маугли балалардың тағдыры»: Анасы ата-ана құқығынан айырылады
Фото: Рolisia.kz

Алматы қалалық полиция департаменті Медеу аудандық ПБ ювеналды полиция бөлімінің инспекторы дабыл қаққан, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

Polisia.kz медиа порталының мәліметінше, ол бірнеше күн бойы полицияда есепте тұрған 41 жастағы әйелдің отбасын тексеруге шыққан. 

 – Бұл отбасын биылғы жылдың мамыр айында тіркедік, балалардың анасы Павлодардан келген. Тексеру кезінде әйел байланысқа шығуға құлықсыз болды. Кезекті тексеру барысында, 8 тамызда бірдеңенің дұрыс емес екенін сездім: үйде дыбыстар естілді, бірақ есікті ешкім ашпады. Менің дабылым бойынша оқиға орнына жергілікті учаскелік инспектор, ТЖД қызметкерлері мен қамқоршылық өкілдері тартылды. Есік күшпен ашылды, – дейді Медеу аудандық ПБ  ОПБ кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторы Айжан Бутабаева.

Оның айтуынша, сараптама қорытындысы әйелдің үйде «орташа дәрежеде» алкогольдік масаң күйде болғанын растаған. 2016 жылы туған қыз балаға, 2018 жылы туған ұл балаға және 2020 жылы туған тағы бір ұл балаға күтім жасалмаған. Үйдің іші лас болған. Балалар дереу өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету орталығына жеткізілген. 

Медеу аудандық полиция басқармасы басшылығының айтуынша, іс материалдары жинақталып, әйелді одан әрі ата-аналық құқығынан айыру үшін 2023 жылдың 18 тамызында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясына жолданатын болады.

Естеріңізге сала кетейік,  былтыр Екібастұзда жалдамалы пәтерлердің бірінен үш күн нәр татпаған,  жүре алмайтын және адамдардан қорқатын  төрт науқас бала табылған. Олар ата-аналарымен бірге антисанитария жағдайында өмір сүріп келген. Үлкен бала жеті жаста, қалғандары бес, төрт және үште болған. 

Екібастұз қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Сәбит Қожелдақов қызметінен босатылды. Қызметтік тексеріс барысында қалалық білім бөлімінің басшысы Сәкен Майдисаров қызметінен кеткен. Сонымен қатар, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Мәриям Маликоваға қатаң сөгіс жарияланып, Екібастұз қалалық жергілікті білім бөлімінің бас маманы сөгіс алған. Сондай-ақ, лауазымдық міндеттерді қатаң сақтау туралы Екібастұз ПБ ЖПҚ бастығына ескерту жасалып, ал қалалық ПБ бастығының міндетін атқарушыға қызметкерлерінің жұмысындағы кемшіліктер көрсетілген.