Екібастұзда құқығынан айырылған мас жүргізуші қолға түсті
Кезекті рейд барысында шаһарда бұрын жүргізу құқығынан айырылған азаматтың алкогольдік мас күйінде көлік басқарғаны анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, құқық қорғау органдары алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізушілерді анықтау мақсатында жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар өткізіп келеді. Заң талаптарының қатаңдатылғанына қарамастан, мұндай құқық бұзушылықтар әлі де тыйылмай отыр.
Кезекті тексеру кезінде полиция қызметкерлері Екібастұз қаласы Королев көшесі, 78-үй маңында «Hyundai Elantra» маркалы автокөлікті тоқтатты. Құжаттарды тексеру барысында жүргізушіден алкогольдің өткір иісі сезіліп, медициналық куәландыру оның мас күйде болғанын растаған.
– Қосымша тексеру нәтижесінде аталған азаматтың 2020 жылғы 26 мамырда көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Көлік арнайы айып тұрағына қойылды, – деді департаментте.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және өз өмірі мен өзгелердің қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.