Биыл Павлодар облысында дезинсекциялау жұмысына дрондар тартылады

Биыл Павлодар облысында дезинсекциялау жұмысына дрондар тартылады
Фото: Константин Шелков

Олар адам аяғы жетпейтін су басқан жерлерге ұшырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаевтың мәлімдеуінше, 2025 жылмен салыстырғанда жұмыстар ауқымды, технологиялық және экологиялық тұрғыдан тиімді болатынын айтып сендірді. Мәселен,  2026 жылы алқаптарды қамту аумағын ұлғайтуға, биологиялық әдісті күшейтуге, жаңа технологияларды енгізуге және нәтижені қатаң бақылауға басымдық беріледі. 

- Жоспар бойынша биыл 172 мың гектар аумақта жұмыс жүргізу жоспарлануда. Мұнда 1 қала, 6  аудан, 67 ауылдық елді мекен қамтылады. Биыл дезинсекциялауға жаңадан Железин ауданы мен осы ауданға қарасты 7  ауыл қамтылады. Былтыр әуеден өңдеу үшін 356 ұшу жұмысын жүргізсек, биыл бұл жұмысты 25 пайызға арттырып, 448 рет ұшуды жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Басқарма басшысы өзен арналарын өңдеу қашықтығы да айтарлықтай ұзарғанын айтты. Мәселен, былтыр 2100 км болса, биыл бұл 52 пайызға артып, 3200 км-ге дейін артқан. Мұнда Ертіс өзенінің нақты арнасы мен салалары толық қамтылмақ. 

- Дезинсекцияға қолданылатын биологиялық препараттар көлемі 51%-ға ұлғайды. Яғни  90,6 кг-нан 137,1 кг-ға дейін артып отыр. Атап өтерлігі, Ертіс өзені өз арнасына түскенге дейін препаратпен өңделетін болады. Бұдан бөлек, биыл алғаш рет қолжетімсіз аумақтарды өңдеу үшін арнайы дрондар қосымша пайдаланылады. Бұл адам аяғы жетейтін су басқан жерлерді өңдеуге көмекке келеді, - деді Сағын Төлеутаев.

Жалпы жұмыстарға шамамен 200 маман және 200-ден астам техника жұмылдырылмақ. Ал тиімділік талабы өзгеріссіз қалады. Егер нәтиже 80% төмен болған жағдайда мердігерге төлем жасалмайды.