Павлодарда ерекше балаға зорлық көрсеткен күзетші анықталды

Павлодарда ерекше балаға зорлық көрсеткен күзетші анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы прокуратурасының бастамасымен психоневрологиялық ауруларға шалдыққан балаларға әлеуметтік қызмет көрсететін медициналық-әлеуметтік мекемеде «Жасанды интеллект – зорлық-зомбылыққа қарсы» жобасы іске асырылуда.

Прокуратура мәліметінше, Мемлекет басшысының жасанды интеллектті пайдалана отырып, цифрландыруды кеңінен дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аталған мекемеде бейнебақылау камераларына негізделген арнайы жүйе енгізілген.

– Бұл жүйе қызметкерлер мен тәрбиеленушілердің мінез-құлқын талдап, агрессия белгілерін – соққы, айқай, құлау секілді жағдайларды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді, – деді прокуратурада.

Жасанды интеллект көмегімен 2025 жылғы 30 желтоқсанда облыстық психоневрологиялық орталықта 13 жастағы аутизмге шалдыққан баланы күзетшінің ұрып-соғу фактісі тіркелген.

– Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 109-1-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта істі полиция органдары тергеп жатыр, – делінген қадағалау органының хабарламасында.

Айта кетерлігі, жоба іске қосылған уақыттан бері балаларды ұрып-соғудың екінші фактісі анықталған. Бұған дейін орталықтың санитары тәрбиеленушіге күш қолданғаны үшін қызметінен босатылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.