Екібастұзда 45 мың тонна қар шығарылды

Қала әкімі мамандармен бірге қаланы аралап шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аян Бейсекин су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарын орындау бойынша жұмыстарды қадағалауға алды. Бүгінгі күні шаһарда қар шығару жұмыстары жалғасуда.
– 100-ге жуық мамандандырылған техника және 150-ден астам жол жұмысшысы жұмылдырылды. Қазірдің өзінде қалалық полигонға 45 мың тонна қар массасы шығарылды, жұмыстар жалғасуда, – деді қала әкімі.
Оның айтуынша, нәтиже бар. Алайда назар аударуды қажет ететін жерлер әлі де жеткілікті. Ол коммуналдық қызметтерге жұмысты күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ, ауылдық аймақтардағы су тасқыны қауіпі бар учаскелерін тексерді. Қаланың ТЖБ ықтимал су тасқынынан қорғау үшін әртүрлі модификациядағы 80-нен астам техника, 20-дан астам су айдау құралы, кедергілерді нығайту және жасау үшін инертті материал дайындалды.
Су тасқыны қауіпті кезеңі шаһар басшысының жеке бақылауында.