Екібастұзда дауыл салдарынан 700 тоннадан астам қоқыс шығарылды

Екібастұзда дауыл салдарынан 700 тоннадан астам қоқыс шығарылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс режиміне ауыстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз қаласы әкімдігінің мәліметінше, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі коммуналдық қызметтермен және мердігерлік ұйымдармен бірлесіп, құлаған ағаштар мен ағаш қалдықтарын шығарды, қозғалысы шектеулі учаскелердегі жолдар тазартылды, электр желілері қалпына келтірілді, бағдаршам объектілері қосылды, бүлінген құрылымдар мен абаттандыру элементтерін бөлшектеу және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Дауылдың салдарын жоюға тоғыз мердігер ұйым, 130 жұмысшы, 90 мамандандырылған техника тартылды. 

20 маусымдағы жағдай бойынша мердігерлік ұйымдар 700 тоннадан астам ағаш қалдықтары мен қоқыстарды шығарды. Жұмыс күшейтілген режимде жалғасуда. 19 маусымда Екібастұз қаласы әкімінің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өткізіліп, жүргізілген жұмыстың аралық қорытындылары тыңдалды. Сондай-ақ жауапты қызметтердің алдына міндеттер қойылды, – дейді әкімдікте. 

Дауылдың салдарынан тоғыз ауылдық елді мекенде электр қуатының үзілуі тіркелді: Марғұлан, Құдайкөл, Құлақөл, Шідерті, Қарасор, Шиқылдақ, Бесқауға, Төртқұдық, Құрылысшы. Сағат 14:00-дегі жағдай бойынша аталған ауылдық елді мекендерден жеті елдімекенде электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді. Құдайкөл және Құлақөл ауылдарында электрмен жабдықтау ішінара тоқтатылған. 

Авариялық бригадалар анықталған зақымдарды жоюмен айналысады. Екібастұз қаласында электр қуаты толығымен қалпына келтірілді.