Павлодарда прокуратура қызметінің қызығушылығын арттыратын ойын өткізілді

Өңірдің жоғары оқу орындарының студенттері үшін Ашық есік күні өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық прокуратурада Торайғыров университеті және Инновациялық Еуразиялық университетінің «Құқықтану» мамандығы бойынша оқитын 4-ші курс студенттері Ашық есік күніне қатысты.
Шара прокурор мамандығына қызығушылықты арттыруға және осы маңызды қызмет саласына жас мамандарды тартуға бағытталған.
– Студенттер прокуратураның жұмысымен танысып, оның функциялары мен міндеттері туралы біле алады, – дейді облыстық прокуратура аппаратының басшысы Алмас Әбішев.
Оның айтуынша, студенттерге командалық ойындар ойнату форматында болашақ заңгерлерді мүмкіндігінше қадағалау қызметінің салаларымен таныстырып, құқық қорғау органдары академиясына оқуға түсу және кейіннен прокуратура органдарында қызмет ету тәртібін түсіндірді.
– Қазір кадр тапшылығы сезіледі. Негізінде жыл сайын жас мамандар келеді, бірақ бір жыл қызмет еткен соң басқа салаға ауысып кетеді. Сол себепті облыстық прокуратурада онға жуық бос орын бар, – деді ол.
Оның мәліметінше, студенттер келіп, әртүрлі университеттерден тәжірибеден өтіп, көптеген жаңа нәрселерді үйренеді және жұмыстың қыр-сырымен танысады. Ал, тәжірибеден өткен студенттердің өз қатарларына қосылып қызмет еткенін қалайды.
Шара барысында студенттер бес командаға бөлініп, әр бағыттағы сұрақтарға жауап берді. Әрі сол бағыттың жұмыстарымен танысты.