Екібастұзда екінші халықаралық жартылай марафон өтеді
Спорттық жоба Capital Health форумының бас жүлдесін иеленген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл жазда Екібастұз қаласында қатарынан екінші рет халықаралық Ekibastuz Half Marathon жартылай марафоны өтеді. Кеншілер мен энергетиктер қаласы тағы да Қазақстан мен шетелден келетін жүгіру және бұқаралық спорт әуесқойларын қабылдайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба аз уақыт ішінде еліміздегі ең көп талқыланатын өңірлік спорттық шаралардың біріне айналды.
Өткен жылы жартылай марафон бағыты Халықаралық марафондар мен жүгірулер қауымдастығының (AIMS/IAAF) ресми сертификатын алған. Биыл шара бұрынғыдан да ауқымды әрі отбасылық форматта өтпек.
Бағдарламаға алғаш рет балалар жарысы енгізіледі, ал старттық қалашық Екібастұз тұрғындары мен қонақтарына арналған толыққанды фестиваль алаңына айналады.
Ұйымдастырушылар жартылай марафонның бір реттік акция емес, қала өмірінің бір бөлігіне айналуына ерекше мән беріп отыр. Дайындық жұмыстарына волонтерлер, кәсіпкерлер, спорт клубтары, медицина қызметкерлері, полиция және қала тұрғындары қатысуда. Сондай-ақ қатысушылар үшін тегін жаттығулар ұйымдастырылады.
Жоба ұйымдастырушы — Қазақстандағы ең ірі теміржол машина жасау кластері.
– RWS RUN Екібастұз үшін жақсы дәстүрге айналып келеді. Жартылай марафон адамдарды біріктіріп, қалада ерекше атмосфера қалыптастырады және Қазақстанның түкпір-түкпірінен қонақтар тартады. Жоба спортты ғана емес, қала экономикасын дамытуға да әсер етеді. Жарыс кезінде шағын және орта бизнес белсенділігі артып, келген қатысушылар жергілікті кәсіпкерлердің қызметін пайдаланады, – деді ұйымдастырушылар.
2025 жылдың маусымында өткен алғашқы жарысқа Қазақстан, ТМД елдері, АҚШ және Чилиден 1300-ден астам адам қатысқан.
Ұйымдастырушылар мұндай жобалар спорттық туризмді дамытуға және шағын қалалардың танымал болуына ықпал етеді деп есептейді. Мысал ретінде олар Zerenda Half Marathon жарысын келтіреді. Соның арқасында Зеренді курорты елдегі танымал жүгіру старттарының біріне айналған.
Екібастұздағы жартылай марафон 6-7 маусым күндері Астана триатлон федерациясының қолдауымен және AIMS/IAAF халықаралық стандарттарына сәйкес өтеді.