Екібастұзда темекі тұқылын жерге тастаған әйелге айыппұл салынды
Құқық бұзушылық теміржол станциясының аумағында болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қалалық сотының мәліметінше, 6 қыркүйекте сағат 9:00 шамасында қала тұрғыны теміржол станциясында темекі тұқылын қоқыс жәшігіне емес, белгіленбеген жерге тастаған.
Әйелдің кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, баянатпен, оның ауызша және жазбаша түсініктемелерімен, сондай-ақ оқиға түсірілген бейнежазбамен расталды.
– Сот істің мән-жайын, құқық бұзушылықтың сипатын, азаматшаның әкімшілік жауапкершілікке алғаш рет тартылуын және өкінуін ескерді, – деп хабарлады Екібастұз қалалық соты.
Сот әйелді ӘҚБтК-нің 434-2-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған 43 250 теңге көлеміндегі айыппұл 30 пайызға төмендетіліп, 30 275 теңге мөлшерінде жаза тағайындалды.
Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.