Павлодарда 2,5 тонна шаян мен жарты тоннадан астам балық тәркіленді
Аталған фактілер бойынша тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Polisia.kz ақпараттық медиа порталының мәліметінше, облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Браконьер» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында 515 келі заңсыз ауланған балық пен 2,5 тонна артемия-салина шаянын тәркіледі.
– Павлодар қаласында 35 жастағы жергілікті тұрғын басқарған Mitsubishi Montero Sport автокөлігі тоқтатылды. Жедел қызметкерлер автокөліктің салонын қарау кезінде жалпы салмағы 515 келі болатын 23 қап балық (мөңке, сазан) тауып алып, тәркіледі. Жүргізушіде балық аулауға рұқсат беретін құжаттар болмаған, – деді Павлодар облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Ер адам облыстағы көлдердің бірінде балықты заңсыз аулаған. Басқа жағдайда 3 қыркүйек күні рейдтік іс-шаралар барысында полицейлер тағы бір қала тұрғынын ұстады. ГАЗель көлігінен жалпы салмағы 2,5 тоннадан асатын 53 қап артемия-салина шаяны табылды.
– Аталған фактілерге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша мемлекетке келтірілген залал анықталады, – деді Ғабит Қабдрахманов.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам, оның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін қылмыс жасағаны үшін кінәлі емес деп есептеледі.