Екі жоба Павлодар зауытының экологиялық бағыттағы ұстанымын нығайтты

Павлодар мұнай-химия зауыты оннан астам өнім түрін шығарады және өңірдегі ең маңызды өнеркәсіптік нысандардың бірі болып саналады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Зауыттың баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері кәсіпорында сұйытылған көмірсутек газдарын сілтілік тазалау қондырғысының құрылысы аяқталды. Жоба америкалық Universal Oil Products компаниясының технологиясы бойынша енгізілген. Бұл қондырғы меркаптан күкіртінің шығарындыларын едәуір азайтып, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
– «ПМХЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңа суды тұтынуды азайтып, өндірістік ағын суларды барынша қайта пайдалануға басымдық береді. Осы мақсатта сумен жабдықтау және канализация цехындағы алғашқы биологиялық тазалау жүйесінен кейін өндірістік ағын суларды сүзу станциясы салынды, – деп нақтылады зауытта.
Павлодар зауыты – Қазақстандағы мұнайды терең өңдеуші жетекші кәсіпорындардың бірі. Мұнда жылына алты миллион тоннаға дейін мұнай өңделеді. Шикізат ретінде Батыс Сібір кен орындарының мұнай қоспасы қолданылады.
– Зауытта АИ-92-К4, АИ-95-К4, АИ-98-К4 маркалы автомобиль бензині, реактив қозғалтқыштарға арналған отын, әртүрлі маркадағы дизель отыны, пештік мазут, отындық мұнай, мұнай коксы, жол және шатыр битумы, сұйытылған көмірсутек газдары, техникалық күкірт, техникалық көміртек өндіруге арналған шикізат шығарылады, – деп хабарлады ПМХЗ баспасөз орталығы. – Изомеризация және нафта сплиттері қондырғысы төмен октанды бензин фракцияларын жоғары октанды бензинге өңдейді. Бұл – қазіргі заманғы көліктер үшін маңызды. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – күкірт өндіру кешенінің салынуы.
Сондай-ақ соңғы екі жылда вакуумдық блоктың жаңа пеші іске қосылып, зауыттың жоғары сапалы жол және шатыр битумын өндіру нарығындағы орны нығая түсті.
Павлодар мұнай-химия зауыты – өңірдегі ең ірі салық төлеуші кәсіпорын: 2025 жылы зауыт қалалық бюджет кірісінің 60 пайызын қамтамасыз еткен.
Баспасөз орталығының мәліметінше, кәсіпорында экологиялық жауапкершілік, технологиялық даму және тұрақтылық бағыты алдағы уақытта да басымдыққа ие болмақ.