«Мисс Павлодар-2025» жеңімпазы анықталды

Жеңімпаз бен вице-мисс қаланы республикалық байқауда таныстыратын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сұлулық байқауының мерейтойлық маусымының финалы Естай атындағы мәдениет сарайында өтті. Ширек ғасыр ішінде жоба тек жарқын шоу ғана емес, көптеген қатысушыға табысқа жол ашқан нағыз мектепке айналды. Биыл кастингке 60 үміткер қатысып, 11 ару финалға жолдама алды.
Аймақтық жобаның жетекшісі Айзат Қожабаеваның айтуынша, қатысушылар бірнеше ай дайындалды.
– Қыздар тілдік және экологиялық курстарға қатысты, сахнада дефиле жасауды үйренді, спортпен айналысты, тіпті «Ертіс» футболшыларын қолдады. Бұл жарты жылдық өте жарқын, әрі мазмұнды дайындық болды, – деді Айзат Қожабаева.
Биыл ол алғаш рет байқау жетекшісі ретінде өнер көрсетті.
– Бұл мерейтойлық маусым, мен үлкен жауапкершілікті сезіндім. Биыл Павлодарға «Мисс Қазақстанға» екі орын берілді. Соңғы он жылда мұндай мәртебеге тек Астана мен Алматы ие болған еді, – деді ол.
Ұйымдастырушылар павлодарлық арулардың әрдайым аймақтың мәдени әралуандығы арқасында ерекшеленетінін атап өтті.
– Бүгінде байқау тек сұлулық жайлы емес. Қатысушының қанша тіл білетіні, қай салада жұмыс істейтіні, қайырымдылықпен айналысатыны маңызды. Ақыл мен харизма сұлулықтан кем бағаланбайды, – деді Айзат Қожабаева.
«Мисс Қазақстан» ұлттық байқауының өкілі Әсел Ақасова биылғы ұран – «Freedom of choice» — «Таңдау еркіндігі» екенін айтты. Оның пікірінше, әр қатысушы өз бейнесін өзі таңдап, ешқандай шектеуге бағынбауы тиіс.
– Олар көп қырлы алмас секілді, түрлі қырынан ашыла алады. Қатысушы шығармашылығымен, дефилесімен немесе харизмасымен өзін көрсете алады. Әрқашан таңдау құқығы өзінде, – деді Әсел Ақасова.
Айрықша құрмет экс-директор, «Райса сән үйінің» негізін қалаушы Райса Райымбековаға көрсетілді. Бұрынғы жеңімпаздар ұстазына гүл шоқтарын табыстады.
– Мен 25 жыл бойы байқауды ұйымдастырдым, бірақ жас буынға жол беретін кез келді. Таңдауға көңілім толды. Айзат алғашқы тәжірибесіне қарамастан тамаша ұйымдастыра алды, – деді Райса Райымбекова.
Ол Қазақстан аруларының сұлулығына қарамастан, елдің әлемдік тәжді әлі иеленбегенін атап өтті. Ең жоғары нәтиже – 2003 жылғы вице-мисс әлем, ол да павлодарлық аруға бұйырған болатын.
– Мемлекет сұлулық байқауларына көбірек көңіл бөлуі тиіс. Мәселен, Үндістанда қыздарды бала кезден дайындайды: ән айтуға, би билеуге, актерлік шеберлікке баулиды. Соның арқасында үнді арулары «Әлем аруы» мен «Әлем ханшайымы» атақтарын 20 реттен жеңіп алған, – деді ол.
«Мисс Павлодар-2025» бірнеше кезеңнен тұрды. Барлық шығармашылық нөмірлер Абайдың 180 жылдығына арналды: бірі оның шығармаларын музыкалық аспаптарда орындаса, екіншілері ән шырқады, тағы басқалары ұлттық билерді көрсетті. Кештің шарықтау сәті — кешкі көйлектегі дефиле болды.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған Мадина Жұмытова, ал вице-мисс атағын Жасмин Сагатова иеленді. Енді олар республикалық байқауға дайындықты бастайды.