Екібастұзда бейнекамера ұрлаған әйел ұсталды
Тұрмыстық техника дүкенінен құрылғыны қолды қылған күдікті бейнебақылау камераларының көмегімен анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласының полициясына сауда үйлерінің бірінің өкілі бейнекамераның ұрланғаны туралы арызбен жүгінді. Тәртіп сақшылары дүкендегі бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу барысында күдіктінің ізіне түсті.
– Кадрлардан белгісіз әйелдің тұрмыстық техника бөліміне кіріп, сөрелердің арасынан құны 50 мың теңгеден асатын бейнекамераны таңдап алғаны көрінеді. Ол кассаға барып төлем жасаудың орнына, тауарды жасырып, ештеңе болмағандай ғимараттан шығып кеткен, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомствода атап өткендей, тәртіп сақшылары сол күні-ақ облыстың 23 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.