Баянауыл ауданында алғашқы бочча спортын дамытуға арналған филиал ашылды

Баянауыл ауданында алғашқы бочча спортын дамытуға арналған филиал ашылды
Фото: Майқайың №2 мектебінен

Бұл – ауданда инклюзивті спортты дамытуда маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Бұрнағы күні №2 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінде бочча спорт түрі бойынша филиалдың салтанатты ашылуы өтті. Оған бочча спорт түрінің басшысы Адия Масалимова арнайы қатысып, бочча спортының әлеуметтік маңызын атап өтті. Сонымен қатар, Павлодар облысы бойынша бочча федерациясының өкілдері - Лейла Қасыманова, Денис Черкашин мен  аталмыш спорт түрінен халықаралық ойындардың жеңімпазы Виктор Кожевников келді.

- Бұл филиалдың дәл біздің білім ордамызда ашылуы үлкен сенім мен жауапкершілікті жүктейді. Енді біздің алдымызда бочча спортын кеңінен насихаттау, ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастардың спортқа тең қолжетімділігін қамтамасыз ету міндеті тұр. Алдағы уақытта спорттық және тәрбиелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады, - деді мектеп басшысы Жанат Жұмағұлова.

Филиал тарапынан мектепке спорттық құрал-жабдықтар беріліп, қазіргі таңда білім ошағының кіші спорт залы бочча ойынына толықтай бейімделіп, жабдықталған.

Ал бочча филиалының жаттықтырушысы болып Олжас Кәкімжанов тағайындалды. Себебі Олжастың бұл салада жеткен жетістігі мен тәжірибесі жеткілікті. Мәселен, 2025 жылы балалар облыстық «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті оқушылар арасындағы жарыста жеңіл атлетикадан – ІІІ орын, эстафеталық ойындардан – І орын иеленсе, республикалық «Тең мүмкіндіктер» эстафеталық жарысында мектеп оқушылары ІІ орынға ие болған.

- Биыл мектебімізде инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында инклюзия кабинетін ашу жоспарлануда. Оған 25 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Аталған бағытта материалдық-техникалық базаны нығайту, кабинетті қажетті құрал-жабдықтармен қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде, - деді директор.

Шара барысында Адия Масалимова мен Жанат Жұмағұлова өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумға қол қойды. Бұл құжат алдағы уақытта бірлескен жобаларды іске асыруға, бочча спортын дамытуға және жас спортшыларды қолдауға негіз болады.

Айта кетелік, №2 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінде 829 оқушы білім алады. Оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін 22 оқушы бар, олардың 3-еуі үйден оқыту формасымен қамтылған. Бұдан бөлек, мектеп базасында кент балаларына арналған логопункт тұрақты түрде жұмыс істейді. Қазіргі уақытта логопунктте 38 баламен жүйелі түзете-дамыту жұмыстары жүргізілуде.