Құсқа – үйшік, балаға – тәрбие: Павлодарлық орманшылардың қамқорлығы

Құсқа – үйшік, балаға – тәрбие: Павлодарлық орманшылардың қамқорлығы
Фото: Аждар Жүсіпов

Орман қорғаушылары балабақша тәрбиеленушілерін құстарға қамқорлықпен қарауға үйретуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіповтің айтуынша, өңірде аң-құстар мен өсімдік әлемін сақтау бойынша кешенді шаралармен қатар, тәрбиелік жұмыстар да жалғасуда.

– Біз балалармен қарым-қатынасқа ерекше мән береміз. Бүлдіршіндер бізді қызығушылықпен тыңдайды, сұрақтар қояды. Ал біз оларға құс үйшігін қалай жасауға болатынын көрсетеміз, құстарға қамқор болу жолдарын үйретеміз. Бұл балаларға ерекше қуаныш сыйлайды, – дейді Аждар Жүсіпов.

Мұндай бастаманы алғашқылардың бірі болып Май ауданына қарасты Көктөбе орманшылығының мамандары қолға алған.

Орманшы–инспектор Олег Маслов құс үйшігін ескі тақтайлар секілді қолда бар материалдардан оңай әрі қолжетімді тәсілмен жасау жолымен бөлісті. Оның айтуынша, бұл – кез келген адамның қолынан келетін іс. 

– Алдымен шикізат дайындап алу қажет. Терезесі бар қабырға үшін тақтай биіктігі шамамен 40 сантиметр, ал бүйір қабырғалары 20 сантиметр болады. Жинамас бұрын құстың еркін кіріп-шығуы үшін «тесік» жасау маңызды. Қаңқасы алты бөліктен тұрады: алдыңғы және артқы қабырға, екі бүйір қабырға, шатыр және еден. Барлығын шегемен немесе бұрандалармен бекітеміз. Құстың қонып, серпіліп ұшуы үшін шағын «баспалдақ» та қарастырылған. Нәтижесінде нағыз құс үйі пайда болады, – деп түсіндірді орманшы.

Мұндай үйшіктер мектептер мен балабақшалардың ауласында, сондай-ақ ормандарда орнатылады.

Инспекторлардың айтуынша, көбінесе бұл үйшіктерге торғайлар қоныстанады, себебі терезе шағын құстарға арналған. Бұл бекер емес: егер кіреберіс тым үлкен болса, онда ірі жыртқыш құстар кіріп, жұмыртқа мен балапанға зиян келтіруі мүмкін.

Айта кетейік, павлодарлық орманшылар тек құстарға ғана емес, жабайы жануарларға да қамқорлық көрсетеді. Олар үшін бірнеше тонна азық дайындалған: шамамен 80 астау мен 40 құс үйшігі орнатылған. Үш тоннадан астам шөп пен астық қалдықтары, сондай-ақ 180 килограмм тұз. Бұл – жабайы жануарлардың рационында маңызды элемент.  Қорлар тұрақты түрде толықтырылып отырады.