Екібастұздағы дала өртінен шаруа қожалығының ұсақ малдары тірідей жанып кетті (ВИДЕО)
Екі күн ішінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Екібастұз гарнизоны өртті сөндіруге 10 рет шақырту алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, 13 шілде күні сағат 9:25-те Марғұлан ауылы маңында құрғақ шөптің жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына өрт сөндіру қызметтері, ерікті өрт сөндіру бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдар аттанды.
Тілсіз жау 14 шілде күні сағат 07:35-те толығымен сөндірілді. Өрт сөндірушілердің жұмысына екпінді жел кедергі келтірген.
- 14 шілдеде жүргізілген тексеру барысында далада болған өрт салдарынан Марғұлан ауылындағы «Қуаныш» шаруа қожалығының ұсақ малдары жартылай жанып, көптеген қойлар күйіп кеткені анықталды, - делінген хабарламада.
Дала өртінен кем дегенде 16 ұсақ мал өлгені белгілі болды.
Еске сала кетейік, 14 шілде күні сағат 12:45-те Баянауыл ауданында Қызылтау ауылынан 20 шақырым жерде ашық жерде құрғақ шөп өртенген болатын. Өрт ауыздықталғанымен оның толықтай жойылғаны туралы құзырлы орган мәлімдемеді.
Ал отқа абайсыз қараудың салдарынан Екібастұз ауылдық округінде алапат өрт орын алды. Шиқылдақ ауылы маңындағы өрт ғарыштық мониторинг арқылы анықталды.
Бұдан бөлек, екі күн бойы өрт сөндірушілерді әбігерге салған Шарбақтыдағы орман өртімен күрес әлі де жүріп жатыр. Соңғы ақпаратқа сүйенсек, орман өрті 850 гектар алқапты шарпыған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram