Бас мүфти Павлодарда шын мұсылман қандай болуы керектігін айтты
Облыс орталығында «Бижан» мешітінің 100 жылдығына арналған «Дін, мәдениет және қоғам» атты ғылыми конференция өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова ашты. Ол өз сөзінде еліміздегі дінаралық келісім мен ұлтаралық достықты нығайту қажеттілігіне баса назар аударды.
- Еліміз әлемде зайырлы мемлекет ретінде белгілі. Қазақстанда әртүрлі дін өкілдері өзара бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – осы қоғамдағы келісімді сақтау және әрі қарай дамыту, - деді облыс әкімінің орынбасары.
Әрі қарай сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Бижан» мешітінің талай азаматтардың рухани тәрбиесіне зор үлес қосқанын ерекше атап өтті. Бас мүфти 100-жылдық тарихы бар ғибадат орынының алдағы уақытта да осы мешіт жамағатты имандылыққа шақыратын қасиетті орынға Алла нәсіп еткеніне тілек білдірді.
Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандарының көшбасшысы адамдарды ізгілік, мәдениеттілік қағидаларын берік ұстануға шақырды.
- Ислам діні барлық саланы қамтыған. Солардың бірі мәдениеттілік. Мәдениеттілік көркем мінез бен әдептілікке негізделеді. Қоғамдық ортада мәдениетті болу, өзін ұстай білу, үлкендерді сыйлау, оларға құрмет көрсету, сәлемдесу, сыпайылыық тануту – рухани байлықтың көрсеткіші. Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша кісіні сыйлау-құрметтеу әрбіреуімізге міндет, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
«Бижан» мешіті 1923 жылы меценат Бижан Шоқыбасұлының қаражатына салынды. Мешіт 1989 жылдан 1996 жылға дейін иессіз қалып, кейін 1996 жылы мешітті РСУ деген бір кәсіпорын сатып алып пайдаланды. Бижан мешітінің қаусап шіріген қабырғалары 1999 жылға дейін тұрды.
2000-2005 жылдар аралығында павлодарлық меценат Рахат Байсуфинов мешітті толығымен қайта салды.
Фото: автор