Екібастұзда кадеттерге өзін-өзі қорғау тәсілдері үйретілді
«Жас сақшы» арнайы сыныбының оқушыларына өзін-өзі қорғау дағдыларын СОБР жауынгерлері көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
СОБР командирі Арман Омаров жас кадеттермен әңгімелесіп, қоғамдық орындарда және көшеде қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ ол өзіңді немесе жақындарыңды қорғау қажет болатын жағдайларда қалай әрекет ету керектігін айтып берді.
– Біз балалардың өздері де, олардың достары да тап болуы мүмкін нақты жағдайларды талқыладық. Сонымен қатар заңнамамыздағы сталкинг, буллинг, кибербуллинг ұғымдарын айқындайтын жаңа баптар туралы ақпарат бердік. Заңдарды білуге үйрету бала кезден басталуы керек. Балалар арқылы бұл ақпаратты олардың құрдастарына да, ересектерге де жеткізуге болады, – деді СОБР қызметкері.
Теориялық бөлімнен кейін СОБР қызметкерлері балалармен бірге тәжірибелік жаттығулар өткізіп, алынған білімді бекітті. Одан кейін саптық тексеріс өтті. Оның барысында кадеттер тәртіп деңгейін, сыртқы келбетін, әрекеттерінің үйлесімділігін және командаларды нақты орындауын көрсетті. Әр қатысушы барынша жинақылық пен жауапкершілік танытуға тырысты.
«Жас сақшы» жобасы Қазақстан полициясының болашақ қызметкерлері үшін маңызды кадрлық резерв ретінде қарастырылады. Жалпы білім беретін пәндерден бөлек, оқушылар құқықтық пәндерді, криминалистика негіздерін тереңдетіп оқып, дене дайындығынан өтеді.