Ақсуда мұқтаж жандарға арналған тегін жәрмеңке өтеді

Ақсуда мұқтаж жандарға арналған тегін жәрмеңке өтеді
Фото: pexels.com / Julia M Cameron

Жомарт жандардың қолдауымен жиналған киім-кешек пен тұрмыстық заттар жастар орталығында өз иелерін күтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 қаңтар күні жиналған заттарды тарату жәрмеңкесі ұйымдастырылмақ. 

– Бұл акцияның басты ерекшелігі – кез келген азамат өзіне немесе отбасына қажетті заттарды мүлдем тегін таңдап алуға мүмкіндігі бар. Қайырымдылық шарасы қоғамда өзара көмек пен жанашырлық құндылықтарын нығайтуды көздейді, – деді ұйымдастырушылар.

Жәрмеңке екі кезең бойынша өткізіледі: түскі уақытта сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін және түстен кейін сағат 15:00-ден 17:00-ге дейін. Барлық ниет білдірушілер «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» КММ ғимаратына келіп, қажетті көмекті ала алады.

Ұйымдастырушылар игі іске үлес қосып, заттарын өткізген барлық қала тұрғындарына шексіз алғыс білдіреді.