Екібастұзда магистральдік кәріз коллекторында төтенше жағдай жарияланды
Кеншілер шаһарында өздігінен ағатын магистральдік кәріз коллекторының тозығы жеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Екібастұздың 50 жылдығы көшесі бойындағы магистральдық кәріз коллекторында ұзақ пайдаланылуына және құбырдың тозуына байланысты лайлануы орын алды.
- Осының салдарынан құбырдың өткізу қабілеті едәуір төмендеп, құбыр бойында көлденең жарықтар пайда бола бастады. Құбырдың жоғарғы бөлігі опырылып, жиі авариялық жағдайлар туындауда. 2023 жылдың шілдесінен бері құбырдың беткі қабатында 4 рет топырақ опырылып, одан әрі жылжуда және опырылу алаңы ұлғаюда, - делінген хабарламада.
Қалыптасқан жағдайға байланысты Екібастұз қаласындағы магистральдік кәріз коллекторында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Бұл қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда «Горводоканал» МКК «Траншеясыз тәсілмен (санация әдісімен) кәріз коллекторын қайта жаңарту» жобасы әзірленді. Жоба сомасы-5 229,5 млн. теңге. Коллектордың ұзындығы-2,26 шақырым болса, құбырдың диаметрі -1 200 мм.
Санация әдісі жұмыстарды траншеясыз тәсілмен жүргізуді көздейді. Жұмыстың бұл түрі қала тұрғындары үшін қолайсыздықты барынша азайтып, коллектордың үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек.