Павлодардағы бір көшенің көптен бері шешілмеген мәселесі реттелмек

Қаланы абаттандыру жобасын облыс әкімдігі қолдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылы 20 көшенің жолдарын орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұл туралы қала әкімі Хасар Хабылбеков өзінің Instagram-парақшасында мәлімдеді.
– Бұл – тозығы жеткен аумақтар. Олардың қатарында Қамзин, Абай, Геринг, Ледовская және басқа да көшелер бар. Жалпы 48 шақырымнан астам автомобиль жолы жөнделеді. Биыл асфальт жабынын жаңартумен қатар, жаңа технология бойынша қиыршық тас-мастикалық асфальтобетон қолдануды жоспарлап отырмыз. Бұл материал жоғары беріктігімен, механикалық әсерлер мен климаттық жағдайларға төзімділігімен ерекшеленеді, – деп жазды қала басшысы әлеуметтік желіде.
Сонымен қатар, Хасар Хабылбеков Қамзин көшесіндегі көптен бері шешілмеген мәселеге тоқталды. Бұл көшеде жер асты суларының жоғары деңгейде болуы асфальт жабынының тез бұзылуына себеп болып отыр. Осыған байланысты, биыл жөндеу жұмыстарына дейін жер асты суларын бұру үшін темірбетонды науалар орнату жоспарлануда.
Бұдан бөлек, осы жылы шамамен 200 құдық механикалық және температуралық жүктемелерге төзімді «қалқымалы» люктерге ауыстырылады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram