Екібастұзда заңсыз бөлінген жерлер мемлекет бақылауына қайтарылды

Екібастұзда заңсыз бөлінген жерлер мемлекет бақылауына қайтарылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Осылайша, 2 мың гектардан астам жер бойынша конкурс нәтижелері жойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз қаласының прокуратурасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру бойынша өткізілген конкурс кезінде заң бұзушылықтарды анықтады.

Тексеру барысында конкурсқа қатысушылардың жекелегені ауыл шаруашылығы техникасының және білікті мамандардың бар екендігі туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер ұсынғаны белгілі болды. Бұл конкурстық өтінімдерді бағалау нәтижелеріне әсер еткен.

Конкурс қорытындыларын зерделеу кезінде 4 лот бойынша заң бұзушылықтар анықталып, соның салдарынан жалпы көлемі 2 мың гектардан асатын жер учаскелері заңсыз бөлінген, - делінген хабарламада.

Атап айтқанда, екі шаруа қожалығы конкурстық құжаттамада бірдей ауыл шаруашылығы техникасын және еңбек ресурстары туралы бірдей мәліметтерді ұсынған.

Прокуратураның наразылығы бойынша жер комиссиясының шешімімен аталған лоттар бойынша конкурс нәтижелері жойылды. Жер учаскелері қайтадан конкурсқа шығарылды.

Жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.