Павлодар мектептеріндегі өзгерістерге бірнеше миллиард теңге бөлінді

Павлодар мектептеріндегі өзгерістерге бірнеше миллиард теңге бөлінді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Алғашқы қоңырауға дейін 31 білім ордасында жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Білім басқармасының мәліметінше, өңір мектептерінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеулерге бюджеттен сегіз миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Қазірдің өзінде жеті білім беру ұйымы оқушыларды қабылдауға дайын. Мәселен, Павлодар қаласындағы №31 мектепте «Винтрейд» ЖШС жылу жүйесін жаңартқан. Қалған мектептердегі жұмыстар тамыз айының ортасына дейін аяқталуы тиіс.

Павлодарда №27 мектептің қасбеті мен терезе блоктарын «Экостройсервис ПВ» ЖШС, ал №29 мектептегі жөндеу жұмыстарын «Отдел Жилстроя» ЖШС жүргізіп жатыр. №6 мектепте екі жоба жүзеге асуда: жылу, кәріз жүйесі мен электр сымдарын жаңарту жұмыстарымен «Дуэт СТ» және «СевКазЭнергострой» ЖШС айналысып жатыр. №24 мектепте 264 терезе блогын «Стройком-ПВ» ЖШС ауыстыруда. Ал Мақпалеев атындағы мектеп ғимаратын «СК Эко Строй Групп» ЖШС қалпына келтіруде.

Екібастұзда өзгерістер бес мектепке – №9, 13, 16, 17 және Қоянды ауылындағы №14 мектепке қатысты болды. Мұнда электр сымдары мен терезелер жаңартылып, қасбеттер жөнделді, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жүгіру жолдары мен футбол алаңдары жаңартылды. Ақсу қаласындағы №3 мектепте де футбол алаңы ретке келтірілді. Сонымен қатар, металлургтер қаласындағы Алтынсарин атындағы мектепте инженерлік желілер, мектеп аумағы мен ғимаратты жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын.

Баянауыл ауданында бірден үш мектеп – Егіндібұлақ, №2 Майқайың ЖОБ және Ш.Айманов атындағы мектептер жөнделіп жатыр. Успен ауданында да үш мектеп – Ковалев, Жұмабаев атындағы және А.Байтұрсынов атындағы мектептер қамтылған.

Екі мектептен жөндеу жоспарына енген аудандар қатарында Ертіс, Май, Павлодар және Тереңкөл аудандары бар. Ал бір мектептен Ақтоғай, Шарбақты және Аққулы аудандары қамтылды.

– Мектептерді таңдау кезінде ғимараттардың техникалық жағдайына жүргізілген сараптамалар, ата-аналар, мұғалімдер мен оқушылардан түскен өтініштер ескерілді, – деді облыстық білім басқармасы. – Басты мақсат – сапалы білім беру үшін қауіпсіз, жайлы әрі технологиялық жағынан жабдықталған орта қалыптастыру.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, төрт мектепте – Железин ауданындағы Березовка мектебі, Ертістегі Майқоныр мектебі, Баянауыл ауданындағы Егіндібұлақ және Майқайың №2 мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары алғаш рет жүргізілуде.

Облыс орталығындағы Мақпалеев атындағы мектепте ауқымды жұмыстар атқарылуда. 1972 жылы салынған ғимараттың инженерлік желілері өткен жылы жөнделсе, биыл ішкі бөлмелері мен қасбеті жаңартылуда. Бұл оқу орны «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына енеді.

– Жөндеу жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр, кешігу жоқ. Жұмысты 15 тамызға дейін аяқтау жоспарланған, – деп сендірді басқармада. 

Айта кетейік, Павлодардағы Достық шағынауданында салынған тағы бір «Жайлы мектепте» 1 қыркүйекте 500-ден астам оқушы білім алуды бастайды.