Екібастұзда жаңа жылыжай іске қосылады
Greenhouse-Qaztomat жылыжай кешені - Орталық Азиядағы ең ірі әрі өңірдің ауқымды жобалардың бірі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мұнда жыл сайын шамамен 15 мың тонна қызанақ пен қияр өсіріліп, өнім ішкі нарыққа да, экспортқа да жөнелтіледі. Көкөністер облыстағы әлеуметтік дүкендерде де қолжетімді бағамен сатылуда: қияр - 980 теңге, қызанақ - 925 теңге (1 кг).
— Кәсіпорын басшылығы өндірісті жүйелі кеңейту жоспарын таныстырды. Жалпы инвестиция 10,7 млрд теңгені құрайды. Жобаны іске асыру нәтижесінде кешен аумағы 10 гектарға ұлғайып, жылдық өнім көлемі 20 мың тоннадан асады. Жаңа жылыжайды іске қосу биылғы жылдың желтоқсан айына жоспарланған, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Кәсіпорында 450 адам еңбек етуде. Кеңейту аясында қосымша 120 жаңа жұмыс орны ашылады. Компания жергілікті кадрларға басымдық беріп, бәсекеге қабілетті жалақы мен кәсіби өсу мүмкіндігін ұсынуда.
Жобаның әлеуметтік маңызы зор. Пенитенциарлық жүйемен әріптестік аясында қауіпсіздігі төмен мекемелердегі 230 сотталған адам тұрақты жұмыспен қамтылуда. Бұл олардың әлеуметтік бейімделуіне және қоғамға толыққанды оралуына оң ықпал етуде.