Павлодар облысы іскерлік белсенділіктің жоғары деңгейін көрсетті
Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 50 мыңнан асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, 1 қаңтардағы жағдай бойынша Павлодар облысында 64 093 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға артық.
Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 781-ге өсіп, 57193-ке жетті.
– Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар санының артуы кәсіпкерлік секторының тұрақтылығын, оның ішкі сауданы дамытуға, жұмыс орындарын құруға және бәсекелі ортаны қалыптастыруға қосқан үлесін растайды, – деп атап өтті ведомство.
Тиісінше, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі де артты. Өткен жылдың соңында ол 1,2 миллиард теңгеден асып, 2024 жылмен салыстырғанда 47 пайызға көбейді.
Мемлекеттік органның хабарлауынша, инвестициялық белсенділіктің жоғары болуы сауда инфрақұрылымын жаңғыртуға, логистикалық орталықтарды дамытуға және заманауи сауда нысандарын салуға мүмкіндік береді.
– Павлодар облысы ішкі сауданы дамытуда тұрақты оң динамиканы сақтап отыр, – деп мәлімдеді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде. – Жалпы тауар айналымы 115,9 пайыз НКИ-мен 2099,6 миллиард теңгеге жетті. Салыстыру үшін, 2024 жылы бұл көрсеткіш 118,9 пайыз НКИ-мен 1676,6 миллиард теңгені құраған.
Бұл деректер Павлодар облысындағы іскерлік белсенділіктің жоғары деңгейін көрсетеді. Бұған өткен жылы бөлшек сауда көлемінің 2024 жылмен салыстырғанда 7,2 пайызға өсуі дәлел. Бөлшек және көтерме тауар айналымы құрылымында азық-түлікке жатпайтын тауарлар басым.
Ведомство бұл жағдайды өңіраралық ынтымақтастықтың кеңеюімен және жеткізілім көлемінің артуымен байланыстырады.