Екібастұзда әлемдік деңгейдегі деректерді өңдеу орталықтарының алқабы құрылады

Екібастұзда әлемдік деңгейдегі деректерді өңдеу орталықтарының алқабы құрылады
Фото: primeminister.kz

Жобасы аясында $10 млрд-тық келісімдерге қол қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредянмен және Firebird негізін қалаушылар бас директоры Размик Овакимянмен және Александр Есаянмен кездесу өткізді. Кездесуге Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Джули Стаффт қатысты.

Кездесу барысында ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Олардың қатарында жоғары өнімді есептеу қуаттарын құру, заманауи деректерді өңдеу орталықтарын орналастыру және халықаралық технологиялық серіктестерді тарту мәселелері талқыланды.

Премьер-министр жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

— Мемлекет басшысы 2026-шы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осы аптада «Digital Qazaqstan» цифрлық трансформация және жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі жалпыұлттық стратегиясы қабылданды. Қазіргі таңда негізгі цифрлық жобалардың бірі –  Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Біздің мақсатымыз – жаһандық цифрлық инфрақұрылымды орналастыруға арналған алаң қалыптастыру. Біз Firebird және NVIDIA серіктестерімен жасалған келісімдерді жоғары бағалаймыз, – деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Премьер-министр «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасының негізгі артықшылықтарына назар аударды. Олардың қатарында ауқымды жер резерві, жеңілдіктер және электр энергиясының бәсекеге қабілетті бағасы бар. Жобаны кең ауқымда тарату мүмкіндігі инвесторлар үшін маңызды фактор болып табылады, яғни қазіргі таңда 300 МВт қуат қолжетімді болса, алдағы уақытта оны кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін арттыру жоспарланып отыр.

Firebird компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Размик Овакимян Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымды дамытудағы жоғары әлеуетін атап өтті.

NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредян «ДӨО алқабы» жобасын жүзеге асыруға арналған негізгі технологиялық құралдар мен тәсілдерді және Қазақстанның жаһандық жасанды интеллект экожүйесіне интеграциялану перспективаларын таныстырды.

Кездесуге қатысушылар мұндай жобаларға әлем бойынша қызығушылықтың қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, алдағы жылдары жасанды интеллектінің жаһандық нарығының көлемі жүздеген млрд доллардан асады, ал AI-модельдерді оқыту және пайдалану үшін қажетті есептеу қуаттарына сұраныс жыл сайын екі есе қарқынмен өсіп келеді. Осыған байланысты мемлекеттер тек әзірлеушілер мен технологиялар үшін ғана емес, сонымен қатар жаңа буынның цифрлық экономикасының негізіне айналатын инфрақұрылым үшін де белсенді бәсекеге түсуде.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан жасанды интеллектті дамытуға арналған ұлттық инфрақұрылымды жүйелі түрде қалыптастыруда. $10 млрд көлеміндегі инвестициялар елімізде NVIDIA GB300 және Vera Rubin чиптерін қоса алғанда, соңғы буындағы 100 мың GPU-чиптері негізінде ауқымды есептеу кластерін құруға мүмкіндік береді. Біздің бағалауымыз бойынша, жобаны жүзеге асыру жыл сайын кемінде $3 млрд көлемінде экспорттық кіріс әкеледі, жаңа жұмыс орындарын ашады, жаһандық технологиялық компанияларды тартады және Қазақстанның Еуразиядағы негізгі цифрлық хабтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтады, – деді Жаслан Мәдиев.

Кездесу қорытындысы бойынша жасанды интеллект және цифрлық инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық туралы жалпы көлемі $ 10 млрд-ты құрайтын келісімдерге қол қойылды.

Қол жеткізілген келісімдер «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын одан әрі жүзеге асыруға негіз қалайды. Жоба жасанды интеллектіні енгізуге, бұлтты технологияларға және жаңа буын цифрлық сервистеріне арналған заманауи технологиялық базаны құруды көздейді.