Майқайың кентінде мопедтен құлаған екі бала ауруханаға түсті
103 қызметі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолда сақ болуға шақырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен демалыс күндері 103 қызметі 10 жол-көлік оқиғасына шыққан.
Жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерге байланысты алғашқы қоңыраулар өткен жұма күні кешке түсе бастады. Ақсу маңындағы Мәмәйіт Омаров ауылында қиылыстардың бірінде көлік аударылып, оқиға орнына екі жедел жәрдем бригадасы жіберілді. Түрлі жарақаттармен Ақсу қалалық ауруханасына 40 және 47 жастағы екі адам жеткізілді.
Сенбі күні таңертең Тереңкөл ауылына кіреберісте екі көлік соқтығысқан. Дәрігерлер шақыртудан кейін төрт минуттан соң жетті. Екі балаға көмек қажет болды. Бес жасар балаға «іштің доғал жарақаты» диагнозы қойылды, ал 16 жасар қызда «беттің жұмсақ тіндерінің көгеруі, сондай-ақ жабық ми жарақаты» деген күдік туды. Екеуі де Тереңкөл аудандық ауруханасына жеткізілді.
Майқайың кентінде мопедтен құлаған екі жасөспірім зардап шекті. Оқиға туралы қоңырау 21 қазанда сағат 21:32-де түсті. Жедел жәрдем бригадасы үш минуттан кейін оқиға орнында болды. Әртүрлі жарақат алған 15 және 16 жастағы ұлдар жергілікті учаскелік ауруханаға жеткізілді.
– Әрине, жедел жәрдемді көліктердің соқтығысуына ғана емес, жаяу жүргіншілерді қағып кетуіне байланысты жағдайларға да шақырады, – дейді Павлодар 103 басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Бір күн бұрын біздің қызметіміз осындай төрт шақыруды пысықтады. Павлодарда 10 жасар бала мен 43 жастағы ер адамды, Екібастұзда 27 жастағы ер адамды, ал Ақсуда 60 жастағы ер адамды көлік қағып кеткен. Медицина қызметкерлері осы жағдайлардың әрқайсысында пациенттерге білікті шұғыл көмек көрсетіп, оларды ауруханаға жатқызды.
Өткен демалыс күндері облыстық жедел жәрдем станциясының қызметкерлері 15 адам зардап шеккен 10 түрлі жол-көлік оқиғасына барды. Дәрігерлер жол қозғалысының барлық қатысушыларын жол қозғалысы ережелерін сақтауды және жолда әрдайым сақтылық пен ұқыптылық танытуды сұрайды.